Ссылки доступа

Ресейде Бішкек сұрауы бойынша Тәжікстан азаматы ұсталды


Диловар Джураев

Ресейде Қырғызстан өтініші бойынша Тәжікстан азаматы ұсталды. Озоди радиосы хабарлағандай, Бішкек 52 жастағы исфаралық Диловар Жураевты "бұзақылық" және "ұлтаралық араздық туғызды" деп айыптап жатыр.

Диловар Жураевтың жақындарының айтуынша, сот оны бір айға қамау туралы шешім шығарған.

"Ағамды бұрын да қамаған. Наурызда ол Новосибирск қаласындағы ішкі істер бөлімшесінің біріне жеткізіліп, тергеуден кейін босатылған. Онда да Бішкектің өтініші бойынша шекара жанжалында жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Ол 13 наурызда Ворухқа бара жатқан жолды жапты деп айыпталып жатыр. Бұл абсурд, себебі Ворух азаматтары бұл жолды жаба алмайды. Керісінше қырғыз тарабы бұл жолдан өтуге рұқсат бермей жатады", - деді Жураевтың бауыры Ифтихор Турганов.

Диловар Жураев Ворухта тұрады. Онда Тәжікстан және Ресей азаматтығы бар. Ол қазір Новосибирсктегі тергеу абақтысының бірінде отыр.

Биыл 28 сәуірден 1 мамырға дейін қырғыз-тәжік шекарасында болған қарулы қақтығыста Қырғызстан тараптан 36 адам (арасында екі бала) қаза болып, 180-ден астам адам жарақат алды. Жалпы 136 үй, бірнеше мектеп, балабақша мен әлеуметтік нысандар өртеніп, бұзылған.

Тәжікстаннан 19 адам қайтыс болып, 87-сі жарақат алған. Екі елдің билігі бірін-бірі айыптап, қылмыстық іс қозғады.

XS
SM
MD
LG