Ссылки доступа

Тәжік белсендісі Кадам Исматов Ресей азаматтығынан айырылды


Әлеуметтік желіде тәжік билігін сынға алып жүрген белсенді Кадам Исматов Ресей азаматтығынан айырылды. Бұл туралы 14 қарашада өзі Озоди радиосына хабарлады.

Белсендінің айтуынша, мұндай шешімді Ресейдің Саратов қалалық миграция басқармасы 22 қыркүйекте қабылдап, бұл туралы өткен аптаның соңында ғана мағлұмат берген. Енді Исматов Тәжікстанға депортациялануым мүмкін деп қауіптенеді.

"Маған азаматтық алған кезде жалған мәлімет бергенсің дейді. Мен 2005 жылдан бері Ресейдің азаматымын, осында отбасыммен бірге тұрамын. Неге бұл мәселе менің қатысуымсыз қаралған?", - дейді Исматов.

Былтыр наурыз айында да Саратов қалалық миграция басқармасы 58 жастағы Исматовты азаматтықтан айыру мәселесін көтерген. Бірақ желтоқсан айында сот белсендінің пайдасына шешім шығарған.

Еуропадағы оппозициялық топтар құрған "Тәжікстандағы саяси тұтқындарды құтқару комитеті" халықаралық құқық қорғау ұйымдарына қайрылып, Кадам Исматовтың Ресейден Душанбеге депортациялануына жол бермеуге шақырған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Ресейде тәжік билігін сынаған адамдардың қамалып, отанына депортацияланатынын сынап келеді.

XS
SM
MD
LG