Ссылки доступа

Алматыда ондаған адам несиесін кешіруді тағы талап етті (видео)


Бүгін, 15 қарашада Алматыда жүзден астам адам қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне барды. Тұрмысы қиындап, экономикалық жағдайы нашарлағанын айтқан олар банктен алған ипотекасы мен несиесін кешіруді я азайтуды сұрады.

Наразыларды тіркелмеген "Демократиялық партиясының" жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай бастап барды.

"Айына үш несие төлеймін, үшеуі 113 мың теңге. Айлығым, тіпті 40 мың теңге алиментімді қосқанда 113 мың теңге шықпайды. Банкте пайызым өспесін деп микрокредит те алдым. Ары қарай төлейтін шамам жоқ" дейді наразылардың бірі.

"Үйдің кезегінде тұрғам. Кезегім келіп, банкке барсам "айлығың аз" деп бермей қойды. Онда әлеуметтік көмек алайын деп екі баламның құжатын жинасам, "айлығың көп" дейді. Екі жұмыста істеймін. Үй, жер сұрап жатқан жоқпын, тек несиемді кешіріп берсе" дейді келгендердің ендігі бірі.

Жиналғандармен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев кездесті. Ол әр азаматтың жағдайын жеке-жеке қарауға дайын екендерін айтты.

- "Банктер және банк қызметі туралы" заңның 36 бабына сәйкес, банк пен клиент арасындағы келісім-шартты өзгертудің жолдары бар. Онда негізгі қарызды азайту да қарастырылған. Дегенмен, қарызды қайтару керек. Ал біздің міндетіміз, қарыз алушының графигін оның қаржылық жағдайына қарай жасап беру. Егер қарыз алушының оны қайтаратын ақшасы болмаса, оны қайтару мерзімін ұзарту я тағы басқа жолдарын қарастыруымыз керек, - деді Александр Терентьев

Осыдан кейін жиналғандар арыздарын тастап кетті. Жанболат Мамай арыз-шағымдарға қатысты шешім қабылдау үшін агенттікке екі апта уақыт беретіндерін айтты.

- Заң бойынша екі аптада шешім қабылдауы тиіс. Екі апта ішінде шешілмейтін болса не алдайтын болса, біз осында келеміз де, наразылықтар өткіземіз. Қарсылық акцияларын өткіземіз. Тым құрығында осында келген халықтың мәселесі шешілуі керек, - деді Мамай.

Қазақстан тарихында кредит амнистиясы бір рет қана болған. 2019 жылы коронавирусқа байланысты індет өршігенде жарты миллионнан аса адамның 300 мың теңгеге дейінгі несие кешірілген. Пандемия әлеуметтік ахуалды ушықтырғанда кредит амнистиясын жариялау талабы жиілей түсті. Былтыр күзде үкіметке депутаттар да осындай ұсыныс жолдаған. Алайда премьер-министр Асқар Мамин "бұл банк жүйесіне зиянын тигізеді" деп, ұсынысты мақұлдамаған.

XS
SM
MD
LG