Ссылки доступа

Австралияда қамаудағы тәжік ғалымына қосымша 14 эпизод бойынша айып тағылды


Абдусалом Одиназода

Австралияда терроризмді насихаттау айыбымен қамауға алынған тәжікстандық ғалым Абдусалом Одиназодаға тағы 14 эпизод бойынша айып тағылды. Бұл туралы West Australian агенттігі хабарлады.

Әзірге 53 жастағы Одиназоданың ісі бойынша тергеу ісі аяқталған-аяқталмағаны белгісіз.

Перт қаласындағы Батыс Австралия университетінде оқытушы болып жұмыс істеген Абдусалом Одиназода терроризмді насихаттады және интернет арқылы экстремистік мазмұндағы материалдар тарқатты деген күдікпен 2020 жылдың желтоқсан айында ұсталған.

2018 жылдың басында Тәжікстан билігі Абдусалом Одиназодаға қарсы "Конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырды" және "Интернет арқылы экстремистік іс-әрекетке шақырды" деген баптар бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.

Одиназода 2003 жылдан бері Австралияда тұрады және осы елдің азаматтығын алған. 2015 жылы ол отанына оралып, Тәжік медициналық университетінде химия пәнінен оқытушы болып істеген. 2016 жылы ол Facebook парақшасына Тәжікстаннан депортацияланғанын жазған.

Алғашқы жылдары Одиназоданың әлеуметтік желілердегі жазбаларының дені парсы тілі, тәжіктердің болмысы және зороастризм жайында болған. Кейін Тәжікстаннан кеткеннен кейін, оның көзқарасы бірден өзгеріп, діни тақырыпта "Ислам мемлекеті" террористік ұйымын ашық қолдап, парақшаларына экстремистік видеоларды жариялай бастаған.

XS
SM
MD
LG