Ссылки доступа

Америкада Азаттық журналисі Владислав Есипенконы қолдауға арналған акция өтті


15 қарашада Нью-Йорк қаласында Ресейдің бас консулдығы алдында "Азат Еуропа/Азаттық" радиосының фрилансері Владислав Есипенконы қолдаған акция өтті. Ол биыл мамыр айында аннексияланған Қырым түбегінде қамауға алынған.

"Бос орындық" деп аталған акцияны PEN America тобы америкалық және украиналық құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырып, консулдық ғимарат маңына символикалық түрде бос орындық қойды.

Акцияда өздерін Донецк халықтық республикасы деп атап алған жікшілдердің тұтқынында екі жарым жыл отырып шыққан Азат Еуропа/Азаттық радиосының украин қызметінің тілшісі Станислав Асеев сөйледі. 2019 жылы құқық қорғаушылар оны қолдап, дәл осындай акция өткізген.

"Әлбетте, моральдық қолдау өте маңызды... Орыс билігіне олардың түрмесінде жазықсыз адамның отырғанын білетінімізді, бұл халықаралық қауымдастықтың назарында екенін және оны Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті қолдап отырғанын ескертіп тұру қажет. Америкалық саясаткерлер мен әріптестеріміз де мәлімдеме жасайды деген үміттеміз. Өйткені халықаралық қысым — кінәсіз қамалған адамдарды бостандыққа шығарудағы басты механизм болып есептеледі", - деді Асеев.

АҚШ-тың Журналистерді қорғау комитетінің бұрынғы жетекшісі, журналист Энн Купердің айтуынша, бұл акция - орыс билігіне "еркін журналистердің үнін өшіре алмайсыңдар" деген ескерту.

"Ресей оккупацияланған аймақтарда істеген жұмыс істейтін тілшілердің аузын жабу үшін оларға түрлі айыптаулар ойлап тауып, қамауға алып жатыр. Бірақ біз олар қалағандай үнсіз қалмаймыз",- деді Купер.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Владислав Есипенконы қолдап жазған хатында журналист өзінің кәсіби міндетін атқарғаны үшін айыпталып жатқанын атап өткен.

"Свобода" радиосының "Крым.Реалии" жобасында фрилансер болып жұмыс істеген Владислав Есипенко биыл наурыз айында "Украина арнайы қызметінің мүддесі үшін" мәлімет жинады деген айыппен Қырымда ұсталған. Бұдан бөлек ол көлігінде жарылғыш зат сақтады деп айыпталды. Сот отырысында журналистің азапталғаны айтылды.

XS
SM
MD
LG