Ссылки доступа

Тәжікстанның Жоғарғы соты құқық қорғаушы Иззат Амонға шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды


Тәжікстанның Жоғарғы соты алаяқтық айыбымен тоғыз жылға сотталған құқық қорғаушы Иззат Амонға қатысты шығарылған сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы оның ұлы Махмудюсуф Холов хабарлады.

Оның сөзінше, Жоғарғы сот олардың кассациялық шағымын 16 қарашада әкесінің қатысуынсыз қараған.

"Судья үкімді өзгеріссіз қалдырды. Адвокат Душанбе қалалық соты әкемді дәлелсіз тоғыз жылға соттағанын айтты. Жауап ретінде оған бұл іс бойынша жаңа айыптар бар-жоғы туралы ішкі істер министрлігінен мәлімет алып келуін ұсынды", - деді ол.

Туыстары қандай жаңа айыптар екені түсініксіз дейді. Олардың айтуынша, басқа айыптар тағылмаған.

Душанбе қалалық соты 19 қазанда Иззат Амонды тоғыз жылға еркінен ажыратты. Оның ұлы әкесі даугерлердің бірі арызданған 232 сомони көлеміндегі ақша төленбегені үшін ғана сотталғанын айтады.

Мәскеудегі тәжік орталығының жетекшісі Иззат Амонның орыс азаматтығы жойылып, 25 наурызда Тәжікстанға депортацияланғаннан кейін қамауға алынған. Ресми мәлімет бойынша, белсенді оған алданып қалдық деген бірнеше адамның арызы негізінде қамалған. Жақындары құқық қорғаушыға тағылған айып негізсіз дейді.

Иззат Амонның жақтастары оның тәжік билігін сынап келгені үшін қамалғанын айтады. Ресейде ол мигранттарға заңдық кеңес көрсетіп, әлеуметтік желіде тәжік үкіметін сынға алып келген.

XS
SM
MD
LG