Ссылки доступа

Польша шекарашылары мигранттарға көзден жас ағызатын газ қолданды (видео)


Польша шекарашылары поляк-беларусь шекарасындағы қоршауды бұзып, Еуропа одағы аймағына өтуге әрекет қылған мигранттарды көзден жас ағызатын газ және су шашып тарқатты.

Ақпаратқа қарағанда, шекарадағы қақтығыс 16 қарашада күндіз "Брузги" өткізу бекетіне жақын жердегі мигранттардың лагерінде болған. Алдымен мигранттар Польша шекарашыларына тас лақтырған. Олар жауап ретінде газ бен су шашқан.

Польшаның қорғаныс министрлігі хабарлағандай, мигранттар шекарашыларға қарсы гранаталар лақтырған. Бұдан бөлек олардың аймақта газға қарсы маска киіп жүргені де байқалған. Польша тарапы бұл заттарды мигранттарға беларусь шекарашылары берген болуы мүмкін деп болжайды.

Өткен аптада "Брузги" өткізу бекетіне екі мыңдай мигрант жиналған. Олардың негізі Ирактан келген күрдтер тобы қоршауды бұзып, Еуроодаққа өту талабын қойған.

Еуропалық одақ мигранттардың іс-әрекетіне беларусь билігін айыптап жатыр. Ресми Минск бұл айыптауларды теріске шығарып келеді.

XS
SM
MD
LG