Азаттық радиосы түркімен қызметінің хабарлауынша, Түркіменабад қаласына ұшып келген Исаковты полиция бөлімшесінде бірнеше сағат ұстаған.
Еске салайық, түркімен жүйесі мен президент Гурнбангұлы Бердымұхамедовті ашық сынаған 37 жастағы Исаков 20 қазанда Ресейде із-түссіз жоғалды. 9 қарашада Ресейдің ішкі істер министрлігі түркімен белсендісінің "өз еркімен" Түркіменабад қаласына ұшып кеткенін хабарлады.
Бірақ Исаковтың жақтастары оны Түркіменстанға заңсыз экстрадициялаған деп есептейді. Түркіменстан 2020 жылы халықаралық рейстерді жапқан, сол себепті елге тұрақты әуе қатынасымен оралуға мүмкіндік жоқ. Оның үстіне Исаков төлқұжатын жоғалтып алған.
Шетелден оралған жолаушылар 21 күн карантинде отыруы тиіс. Бірақ оны әуежайдан бірден полиция басқармасына жеткізген. "Исаковты Түркіменстан полиция басқармасында алты сағаттай ұстады, сол күні оны құқық қорғау қызметкерлерімен бірге Ашғабатқа жөнелтті", дейді Азатлык дереккөзі.
Белсендінің қазіргі жағдайы туралы мәлімет алу мүмкін болмай отыр. Түркіменстан құқық қорғау органдары Азатлык сауалдарына жауап бермеді.
Азат Исаков 2019 жылдан бері түркімен қарсылық қозғалысына белсенді түрді қатысып жүр. Ол әлуметтік желілерде Түркіменстан билігін ашық сынаған.
Ресми емес ақпарат бойынша, 2020 жылғы маусымда Түркіменстанда Исаковқа іздеу жарияланған, ал полиция бөлімшелерінде оның "сатқын" деп жазылған суреттері ілулі тұр.