Ссылки доступа

Қазақстан СІМ Лавровтың "ксенофобия жайлы" мақаласына пікірін айтты


Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресейлік әріптесі Сергей Лавровтың жуырда жарық көрген Қазақстан мен Ресей қатынасына арналған мақаласына пікір білдірді.

Екі ел қарым-қатынасының ұзақ тарихына тоқталған Лавров мақалада Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарас барын айтқан. Оның бұл сөзі Қазақстан қоғамында наразылық туғызды.

18 қарашада Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Мұхтар Тілеуберді "бұл мақала ең біріншіден, Қазақстан мен Ресей арасындағы жақсы қарым-қатынас туралы. Сіздер оның сөзін контекстен бөліп әкетпеңіздер" деді.

- Мақалада не айтылған? Қазақстан мен Ресей арасында сыртқы істер министрлігі, құқық қорғау органдары, президент әкімшіліктері арасында тікелей байланыс каналдары орнатылған. Осы каналдарға сүйеніп, біз сондай мәселелерді: шовинизм болсын, ксенофобия болсын, сондай оқиғаларға бірлесіп жауап бере аламыз [деп жазылған], - деді Мұхтар Тілеуберді.

Оның айтуынша, дәл сондай жайттар Ресейде болса, [яғни, "Ресейде қазақтілділерге ксенофобия бар деген ақпарат шықса" – ред.] тараптардың оны да осы каналдар арқылы шешуіне мүмкіндігі бар.

"Қазақстан СІМ Лавровтың сөзіне неге пікір білдірмеді?" деген сұраққа Мұхтар Тілеуберді бұған дейін министрліктен осы жөнінде ешкімнің сұрамағанын алға тартты.

Бұған дейін кейбір сарапшылар Лавровтың мақаласын "ақпарат құралдары мен ресми Мәскеуге жақын саяси топтар қоздырып отырған ақпараттық науқанның жалғасы" деп бағалаған еді. Олар мақаланың Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің Стамбулда өткен саммиті қарсаңында жариялануы кездейсоқтық емес деп айтқан. "Мәскеу жоғарыда аталған БАҚ-тағы науқанды Түркия бастаған түркі одағын құруға Қазақстанның атсалысуына кедергі келтіру үшін Нұр-Сұлтанға қысым жасау мақсатында пайдалануы мүмкін деген болжам бар" деп жазды EurasiaReview басылымы.

XS
SM
MD
LG