Ссылки доступа

Өзбекстанда билікті сынап келе жатқан депутатты қол сұғылмаушылық мәртебесінен айырмақ


Өзбекстанда жергілікті билік өкілдерін сынап жүрген Ташкент облысы Уртачирчик аудандық мәслихат депутаты Феруза Бабашеваны қол сұғыллмаушылық мәртебесінен айыру қарастырылып жатыр. Бұл жайында "Газета.uz" басылымы жазды.

15 қарашада әлеуметтік желілерде Халықтық-демократиялық партияның Уртачирчик аудандық бөлімінің төрайымы, депутат Феруза Бабашеваның ер адаммен төсекте жатқан видеосы тараған.

Ертесі Ташкент қалалық ішкі істер басқармасы бұл бойынша пікір білдіріп, 2 қазанда жергілікті тұрғынның арызы негізінде үйлердің бірі тексеріліп, онда Ф.Б. атты әйел мен Д.Ш. есімді ер адамның ұсталғанын мәлімдеді. Мекеме видеоның интернетке қалай тарап кеткені жөнінде тергеу жүргізіп жатқанын жеткізді.

Феруза Бабашева құқық қорғау органдары қызметкерлері өзін үш сағат бойында тергеп, түсіндірме хат жазуға мәжбүрлеген кезде, саусағының бірін сындырғанын айтып, оларды жауапқа тартуды талап еткен.

Өзбекстандағы белгілі блогерлер, депутаттар және қоғамдық ұйым өкілдері Бабашеваны қолдап, оның депутаттық қол сұғылмаушылық мәртебесі бұзылғанын айтты.

Бабашева депутат болып сайланғанға дейін көптеген жылдар бойы білім беру саласында істеген. Ол Телеграм-каналына және Фейсбуктағы парақшасына азаматтардың шағымдарын жариялап, олармен кездескенін тікелей эфирде көрсетіп, лауазымды қызметтегі шенеуніктерді сынап келеді.

Уртачирчик аудандық прокуратурасы "Агробанктың" өкілі жазған арызы негізінде Бабашеваға қарсы тергеуге дейін іс жүріп жатқанын мәлімдеді. Оған Бабашева мұғалімдер картасынан ақша алғанда "Агробанк" 1% ұстап қалатынын айтып, банкті "ұры" деп атағаны себеп болған.

XS
SM
MD
LG