Ссылки доступа

Қырғыз президенті "жерді басып алғандарға митингі көмектеспейді" деп мәлімдеді


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жер мәселесін көтеріп митингке шығудың қажеті жоқ екенін ескеріп, кімде-кім жерді басып алса, бірден қамауға алынатынын мәлімдеді.

18 қарашада ол үкімет үйі алдында жер мәселесін шешіп беруді сұрап шыққан адамдармен кездесіп, мән-жайды анықтағаннан кейін шешім қабылдайтынын айтқан.

"Кезінде түрлі заңсыз жолмен жерді басып алып, енді митингінің көмегімен оны шешуге әрекет ететіндер, ештеңеге қол жеткізбейді. Митингілер жағдайды жақсартуға көмектеспейді. Бұдан былай жерді басып алу деген заңсыздық болмайды. Заңды бұзған адам жауапқа тартылады", - деген президент.

Президенттің баспасөз қызметі хабарлағандай, акцияға "Жер-Ынтымақ" елді мекенінің тұрғындары шыққан. Олар жерде 1300 үй салынғанын, жалпы 5-10 мың адам тұрып жатқанын, жер санитарлық арнайы аймаққа кіргендіктен 15 жылдан бері құжат ала алмай келе жатқанын айтып, жерді заңдастырып беруін сұраған.

Қырғызстанда биыл тамыз айында "Жер учаскелерін трансформациялау жөніндегі" заңға өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес, бір жарым мың гектар жерге құжат беріледі.

XS
SM
MD
LG