Ссылки доступа

Тәжікстан тұрғындары электр жарығының жиі сөнетініне наразы


Тәжікстан тұрғындары қазан айынан бері электр жарығы жиі сөнетінін айтып, наразылық білдіріп келеді.

15 қарашада "Барки точик" мемлекеттік энергохолдингі жарықтың жиі сөнетінін жөндеу жұмыстарымен байланысты екенін мәлімдеді.

"Жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Бұдан бөлек қазір Нурек, Сарбанд және Кайраккум ГЭС-терінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр", - делінген мекеме мәліметінде.

Бірақ аты-жөнін айтқысы келмеген сарапшылардың бірі жарықтың жиі сөнуі жөндеу жұмыстарына байланысты емес деді.

"Жөндеу жұмыстары совет заманынан бері жыл сайын қыркүйекте жүргізіледі. Оған әрі кетсе екі апта кетеді. Меніңше негізгі себеп — су-энергетикалық ресурстардың жетіспеуі", - деді ол.

Оның сөзінше, Тәжікстан суды Өзбекстан мен Қазақстанға беріп келіп, енді қайтадан жеткілікті деңгейде су толмай қалған.

"Бұдан бөлек экономикаға шетелден инвестиция керек. Еліміз басқа ешнәрсе өндірмейтіндіктен, электр энергиясын экспорттау басты артықшылық болып тұр", - дейді ол.

Тәжік билігінің мәліметіне сәйкес, өлке биыл қыркүйек айына дейін 89,4 миллион долларға электр энергиясын экспорттаған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 36,1 миллион долларға көп.

Негізінен Тәжікстаннан электр энергиясын Өзбекстан мен Ауғанстан сатып алады. Биыл бұл елдердің әрбіріне 1,5 млрд киловатт-сағаттан электр беру жоспарланған. Ташкент киловатт-сағатын 2 центтен, Кабул 3-4,5 центтен сатып алады.

Тәжікстанда соңғы рет қаңтар айында халыққа электр энергиясын беруде шектеу енгізген. Онда "Барки точик" энергохолдингі шектеу тек ауылда тұратындарға ғана тиісті екенін айтқан.

Ресми мәлімет бойынша биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Тәжікстанда 15,9 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 7,4% көп.

XS
SM
MD
LG