Ссылки доступа

Қырғыз билігі бензин бағасына мемлекеттік бақылау енгізуді көздейді


Қырғызстан экономика министрлігі жанармай бағасына мемлекеттік бақылау енгізуді ұсынды. Министрлік қаулы жобасын қоғам талқылауына ұсынды.

Министрлік дизель отыны, Аи-80 және Аи-92 маркалы бензиндердің бағасына мемлекеттік бақылау енгізуді көздеп отыр. Елде төтенше жағдай жарияланған уақытта баға лимиті 90 күнге белгіленеді.

Қаулы жобасына сәйкес, баға 20 пайыз қымбаттаса, мемлекет мұнай бағасын анықтайды. Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай көрсеткіш бола қойған жоқ.

Қырғызстан мұнай трейдерлері қауымдастығының хабарлауынша, жақында Аи-92 маркалы бензин 7 сомға, ал дизель отыны 12 сомға қымбаттауы мүмкін. Бензиннің қымбаттауы әлем нарығында мұнай бағасының көтерілуі мен халықаралық нарықтағы дефицитке байланысты болып отыр.

Бішкекте Аи-92 бензині 56-57 сом тұрады, шалғай аудандарды оның бағасы күрт өсті. Жанармай құю бекеттері жабылып жатқаны туралы мәлімет бар.

Қырғызстан министрлер кеңсесінің төрағасы Ақылбек Жапаров 22 қарашада Мәскеуге ұшты. Ол Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесіп, энергетика мен жанармай салаларындағы әріптестік мәселелерін талқылайды.

XS
SM
MD
LG