Ссылки доступа

Еуроодақ пен Орталық Азия министрлерінің Душанбедегі кездесуі жабық өтіп жатыр


Душанбеде Еуропа Одағы мен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің 17-кездесуі өтіп жатыр.

Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель, Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері және Еуроодақтың халықаралық әріптестік жөніндегі комиссары Ютта Урпилайнен Ауғанстандағы жағдайды талқылайды.

Озоди радиосы тілшісінің хабарлауынша, Душанбеде "Кохи Сомон" резиденциясындағы жүздесу жабық өтіп жатыр.

Дереккөздер мәліметіне қарағанда, кездесуде талқыланатын басты тақырып - Ауғанстандағы жағдай. Жүздесу соңында бірлескен мәлімдеме қабылданады.

Еуропа Одағы делегациясының Тәжікстанға сапары 24 қарашада аяқталады. ЕО дипломатиясының басшысы Жозеп Боррелді Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қабылдайды деп жоспарланған.

Ауғанстан ел тарихындағы ең ауыр гуманитарлық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Жақында БҰҰ бұл елдегі миллиондаған адам аштыққа ұшырауы мүмкін екенін, халықтың барлығы дерлік кедей тұратынын ескертті.

Бұл уақытта, халықаралық Human Rights Watch ұйымы ЕО басшыларын Орталық Азия елдерінің үкіметтеріне аймақтағы адам құқықтарын түзету үшін қысым жасауға үндеді. HRW өкілдерінің пікірінше, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан биліктері реформа жүргізу туралы уәделерін орындамай отыр, ал Тәжікстан мен Түркіменстанда адам құқықтарына қатысты жағдай нашарлап барады.

XS
SM
MD
LG