Ссылки доступа

"Ауруханада жүрегі тоқтады". Арон Атабек қайтыс болды


2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, биыл түрмеден шартты жазамен босап шыққан диссидент ақын Арон Атабаек 24 қараша кешкісін 68 жасында қайтыс болды. Бұл ақпаратты Азаттыққа Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нұтышева айтты.

Арон Атабек жатқан Алматыдағы "Медициналық көмек орталығы" атынан әлеуметтік желіде тараған мәлімдемеде науқастың "қан айналымы тоқтап" қайтыс болғаны айтылады. Медициналық көмек орталығы Арон Едігеевтің "аса ауыр деңгейдегі коронавирус инфекциясы" диагнозы қойылғаннан кейін ауруханаға жатудан бас тартқанын, кейін ауыр жағдайда реанимацияға түскенін ескертіп, марқұмның жақындарына көңіл айтқан.

1 қазанда Павлодардың №2 соты жазылмайтын дертке шалдығуына байланысты жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, Арон Атабекті түрмеден босатқан еді. 15 жылын түрмеде өткізген ақын бостандыққан шыққан соң Алматыға оралған. Кейін Атабектің халі нашарлап, Алматыдағы ауруханаға коронавирус диагнозымен жеткізілген еді, өкпесі қабынғаны да хабарланған.

2006 жылы 14 шілдеде билік Алматы қаласы Шаңырақ елдімекеніндегі "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болғанда жұрт жағында болып, баспаналарын қорғауға көмектескен. Кейін Шаңырақ оқиғасынан соң ол "тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 18 жылға сотталды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныған еді. Атабектің есімі АҚШ мемлекеттік департаментінің Адам құқықтары жөніндегі есебінде, Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында бірнеше рет аталды.

XS
SM
MD
LG