Ссылки доступа

Тәжікстанда саудагерлерді президенттің ағасына тиесілі базарға мәжбүрлеп көшіріп жатыр


"Киёнуш" базары

Тәжікстанның Данғара ауданындағы орталық базарда және жол жиегінде сауда жасайтын сатушылар жергілікті биліктің қысымынан кейін аудан орталығынан үш шақырым қашықтықтағы жаңа базарға көшуге мәжбүр болып жатқанын мәлімдеді.

Олардың сөзінше, "Каёнуш" деп аталатын жаңа базар өлке президенті Эмомали Рахмонның ағасы Нуриддин Рахмонның отбасына тиесілі. Саудагерлерді бұл базарға көшіру туралы бұйрыққа Данғара ауданының басшысы және Нуриддин Рахмонның ұлы Исломиддин Рахмон қол қойған.

Сатушылар "Каёнуш" базарында халықтың аздығын және салық құны жоғары екенін айтып даттанып жатыр.

"Аудандық орталық базарда салық құны 500 сомони болса, жаңа базарда 1130 сомони (100 доллар) талап етіп жатыр. Бұл жерге халық аз келеді. Олар жаңа базарға жету үшін жолға 10 сомони жұмсайды", - дейді саудагерлердің бірі.

"Тажикматлуботтун" (Тәжікстан тұтынушылар қоғамының бірлестігі) жергілікті бөлімінің төрағасы Рахмон Шамсзода аудан басшысының бұйрығымен саудагерлер жаңа базарға көшіріліп жатқанын растады.

"Орталық базардың алаңы үлкен емес. "Каёнуш" болса әмбебап, үлкен базар. Тұрғындардың баруына жеңіл болсын деп, қоғамдық көліктің аялдамасын осы жерге жылжыттық", - деді ол.

Аудан басшысының аппарат жетекшісі Шерали Собирзода саудагерлерді жаңа базарға көшіру шешімі көше саудасын ретке келтіру және кәсіпкерлерге жағдай жасау мақсатында қабылданған шешім деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG