Ссылки доступа

Алматыда Қытай консулдығы алдында полиция бірнеше адамды ұстап әкетті


25 қарашада Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында полиция бірнеше адамды ұстап әкетті. Бұл жөнінде Азаттық тілшісіне белсенді Байболат Күнболатұлы хабарлады.

- Полиция Қытай консулдығы алдына келген жерден Гаухар Құрманалиеваны, Халида Ақытханқызы апамызды және Нұрзат Ермекбайды бірден ұстап әкетіп,Медеу аудандық бөлімшеге апарады. Менің көлігіммен келген Ақиқат Қалиоллаұлы да көліктен түскен бетте ұсталды. Осылайша барлығы төрт адам ұсталды. Көлігімде Гүлпия Қазыбекқызы әпкеміз бар. Біз екі адам көлікте бақылап қалдық. Бізге әзірге көліктен түс деп ешкім айтқан жоқ. Егер түссек, бізді де алып кетуі мүмкін еді, - деді Байболат Күнболатұлы.

Оның айтуынша, Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткені үшін әкімшілік жазаға тартылып, халықтың көмегімен төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеген аналар "сот бұл жолы тағы айыппұл салса, онда аштық жариялайтынын" айтқан. Олар айыппұл туралы шешім шықса, Медеу аудандық полиция бөлімшесінен де шығуға бас тартып, сонда қонатынын жеткізген.

Полиция әзірге жауап бермеді.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен бір топ адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 25 қарашада олардың акция өткізгеніне 291 күн болды. Туыстарына араша сұраған жандар биыл қазанда астанаға барып, онда да наразылық білдіріп, полиция қудалауына ұшыраған.

Наразылар бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болған.

9 айдан астам уақытқа созылған акция кезінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдық маңына жібермей, аумақты көлікпен бақылап келеді.

  • Наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.
XS
SM
MD
LG