Ссылки доступа

Хорогтағы қақтығыста үш адам қаза тапты, оннан астам адам жараланды


Хорогтағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болғандар саны үшеуге жетті. Оннан астам адам жараланған, олардың бесеуі - Тәжікстан күш құрылымдарының қызметкері. Бұл туралы Озоди радиосының дереккөзі хабарлады.

26 қарашада таңертең Хорог қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің ондаған тұрғыны Таулы Бадахшан автономиялы облысының әкімшілік ғимараты алдында наразылық акциясын жалғастырды. Олар әкімшілік алдындағы алаңға қонып шыққан. Наразы топ 29 жастағы Гүлбиддин Зиебековтің өліміне кінәлілерді жазалауды талап етті. Бейсенбіде наразы топ марқұмның мәйітін облыс әкімдігі ғимаратының алдына көтеріп алып келді.

Автономиялы облыс басшылығы мен наразы топ арасында келіссөз болған-болмағаны жөнінде мәлімет жоқ.

Бейсенбіде әкімшілік ғимараты алдында наразы топ пен күш құрылымдарының өкілдері қақтығысып қалды. Соның салдарынан бірнеше адам жараланды. Озоди радиосы дереккөзінің хабарлауынша, жараланған екі адам ауруханада жан тапсырған. 26 қарашада таңертең тағы бір адам қайтыс болды.

Билік жергілікті тұрғындарды "заңсыз әрекет жасамауға" үндеген.

Мәліметтерге қарағанда, Хорогта қазір интернет істемей тұр, аймақпен байланыс шектелген.

Таулы Бадахшан автономиялы облысының ондаған тумасы 25 қарашада кешке Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігі алдына жиналып, тәжік күш құрылымдарының арнайы операциясын сынады. Осы операция кезінде іздеудегі Гүлбиддин Зиёбеков оққа ұшқан. Билік күдіктінің қарсылық көрсеткенін, арнайы жасақ өкілін жаралағанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG