Ссылки доступа

Кредитін кешіруді талап еткендер Қаржы нарығын реттеу агенттігіне тағы да барды


Бүгін 30 қарашада Алматыда 60-қа жуық адам Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тағы да барды. Олар агенттік алдына кеше, 29 қарашада және екі апта бұрын, 15 қарашада да келіп, кредиттерін жауып беруді талап еткен.

Жиналғандардың көпшілігі өздерін ипотекалық қарыздары мен кредиті бар жалғыз басты және көп балалы аналар ретінде таныстырды. Олардан өзге "Қазақстанның демократиялық партиясын" құруға талпынып жүрген Жанболат Мамай бастаған белсенділер де болды. Бір топ әйел көп балалы ана екенін білдіретін "Ардақты ана" куәлігін қолдарына ұстап тұрды.

Жиналғандар сөзінше, 15 қарашада Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев шығып, әр азаматтың жағдайын жеке қарауға дайын екенін айтқан және "екі апта мұрсат сұраған".

-Кеше келгенімізде үлгермедік, ертең банктермен келісуге тырысамыз, қарызы кешірілгендердің тізімін жариялаймыз деп уәде берді. Ал бүгін өзі жоқ, полиция тұр. Терентьевпен сөйлесуіміз керек,- дейді олар.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев 15 қарашада "Банктер және банк қызметі туралы" заңның 36 бабына сәйкес, банк пен клиент арасындағы келісім-шартты өзгертудің жолдары бар. Онда негізгі қарызды азайту да қарастырылған" деген еді.

Қазақстан тарихында кредит амнистиясы бір рет қана болған. 2019 жылы коронавирусқа байланысты індет өршігенде жарты миллионнан аса адамның 300 мың теңгеге дейінгі несие кешірілген. Пандемия әлеуметтік ахуалды ушықтырғанда кредит амнистиясын жариялау талабы жиілей түсті. Былтыр күзде үкіметке депутаттар да осындай ұсыныс жолдаған. Алайда премьер-министр Асқар Мамин "бұл банк жүйесіне зиянын тигізеді" деп, ұсынысты мақұлдамаған. Кейіннен түрлі әлеуметтік өлшемдер бойына кейбір кредиттер кешіріле бастаған.

XS
SM
MD
LG