Ссылки доступа

Мьянманың әскери билігі Аун Сан Су Чжиге жаңа айып тақты


Мьянманың әскери билігі оппозиция лидері, Нобель сыйлығының лауреаты Аун Сан Су Чжиге жемқорлыққа байланысты жаңа айып тақты.

Ақпаратқа қарағанда, айыптау тікұшақты жалға беруге байланысты. Су Чжи бұл бап бойынша кінәлі деп табылса, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

2021 жылдың наурыз айында 76 жастағы Су Чжидің ісі бойынша сот басталғаннан бері оған онға жуық айып тағылды. Ол алғаш "елге заңсыз түрде рация алып кірді және қолданды, табиғи апат кезінде заң бұзған" деп айыпталса, кейін оған COVID-19 эпидемиясы кезінде "сайлау өткізіп, санитарлық ережелерді бұзды және эпидемиологиялық қауіп туғызды" деп айып тағылған. Су Чжи бұл айыптаулардың бәрін теріске шығарып келеді.

Жаңа тағылған айып бойынша Мьянманың әскер үкіметі де, Су Чжидің адвокаты да Reuters агенттігіне пікір білдіруден бас тартқан.

Биыл 1 ақпанда Мьянманың армиясы сайлау жолымен құрылған үкіметті құлатып, елдің де-факто лидері Аун Сан Су Чжиді және оның серіктерін қамауға алған. Нәтижесінде он жылға жуық құрылған азаматтық билік жойылып, елді басқару қайта армияның қолына өткен.

XS
SM
MD
LG