Ссылки доступа

Тәжік журналисі Мұхаммадюсуф Исмоиловтың қамаудағы мерзімі үш жарым айға қысқарды


Тәжікстанда жақында қабылданған рақымшылық заңына сәйкес, түрмедегі журналист Мұхаммадюсуф Исмоиловтың қамаудағы мерзімі 3 ай 18 күнге қысқарды.

Бұл туралы Қылмыстық атқару жүйесінің Соғды облысы бойынша басқармасы Тәжікстан ұлттық тәуелсіз БАҚ қауымдастығына хабарлады. Исмоилов 2022 жылдың сәуірінде бостандыққа шығады.

Сегіз жыл бұрын, 2013 жылғы 28 қазанда тәжік журналисі Мұхаммадюсуф Исмоилов 10,5 жылға бас бостандығынан айрылды. Оған "бопсалау", "алаяқтық" қылмыстары бойынша айып тағылды. 2019 жылы оның қамаудағы мерзімі рақымшылық заңымен 1 жыл 4 айға қысқарды.

Исмоилов сыни мақалалары үшін қудалауға ұшырағанын мәлімдеген. Тәжік журналисі екінші мәрте сотталған. 2011 жылы ол "Ашт қирандыға айналды" деп аталатын мақаласы үшін 11 ай қамауда болған.

Мұхаммадюсуф Исмоилов Худжандтағы №3 колонияда отыр. 63 жаста, екінші топтағы мүгедек.

XS
SM
MD
LG