Ссылки доступа

Қаржы нарығын реттеу агенттігі кредитін кешіруді сұрағандарды банкке жіберді


6 желтоқсанда жүзге жуық адам Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тағы жиналды. Әлеуметтік жағдайлары нашарлап, банктен алған кредиті мен ипотекасын төлей алмағандарын айтқандар кредиттерін жауып я жеңілдік жасап беруді сұрайды.

- Ипотекаға алған үйімнің жартысынан көбін төледім, 10 миллион теңгесі қалды. Биыл төлей алмай, амалсыз президентке де арыз жаздым. Үйімді алып қою жөнінде сот шешімі шығып, сот орындаушылары хабарласып жатыр, - дейді Нұр-Сұлтан қаласынан келген Жаңагүл Рахметұлқызы.

Несиесін кешіруді сұраған жұрт бұған дейін 15 қарашада келген. Сол күні Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев, "Банктер және банк қызметі туралы" заңның 36 бабына сәйкес, банк пен клиент арасындағы келісім-шартты өзгертудің жолдары бар. Онда негізгі қарызды азайту да қарастырылған" деген еді.

Агенттік өкілі Ернар Оразбаевтың Азаттыққа хабарлауынша, 15 қарашадан бері үш мың арыз түскен.

- Бұл мәселеле жөнінде банктерге хабарласу керек. Әркімнің мәселесін жеке қарайды. Ұсынған шешімге келіспеген азаматтар агенттікке жүгінуіне болады. Біз 20 күн ішінде арызды қараймыз, - дейді Ернар Оразбаев.

Жиналғандар арасында, арыз жазып, кредитінің бір бөлігін жауып алғандар да болды.

- Бес кредитім бар еді, екеуін жауып берді. Бірі – 60 мың теңге, екіншісі – 30 мың теңге. Оның өзі де көмек,- деді есімін атамағандардың бірі.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай кредит амнистиясын жариялау туралы жиі айтып жүрген белсенділердің бірі. Биыл тамызда Жанболат Мамай бастаған бір топ адам Қазақстан президентінің резиденциясы – Ақордаға барып, кредитті кешіруді сұраған 100 мыңдай азаматтың өтінішін тапсырған.

- Біздегі мәлімет бойынша бүгінге дейін агенттікке сегіз мыңға тарта адам арыз жазған. Кейбір адамдардың мәселесі шешіле бастаған. Біреудің есепшотын ашқан, біреудің микрокредитерін жапқан, кейбіреулеріне ыңғайлы график жасап беріп жатыр, бұл да бір нәтиже. Халық талап етсе, билік мәселені шешуге мәжбүр болады, - дейді Жанболат Мамай.

Қазақстан тарихында кредит амнистиясы бір рет қана болған. 2019 жылы коронавирусқа байланысты індет өршігенде жарты миллионнан аса адамның 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілген. Пандемия әлеуметтік ахуалды ушықтырғанда кредит амнистиясын жариялау туралы талап жиілей түсті.

Былтыр күзде үкіметке депутаттар да осындай ұсыныс жолдаған. Алайда премьер-министр Асқар Мамин "банк жүйесіне зиян тигізеді" деп, ұсынысты мақұлдамаған. Кейіннен түрлі әлеуметтік өлшемдер бойына кейбір кредиттер кешіріле бастаған.

XS
SM
MD
LG