Ссылки доступа

Тәжікстанда көшеде өзіне тиіскен ер адамды кемсіткені үшін блогер қызға айыппұл салынды


Душанбеде көшеде тиіскен кісіні кемсіткені үшін 25 жастағы блогер Манижа Назароваға 420 сомони (37,2 доллар) көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Озоди радиосы хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, оқиға 3 желтоқсанда Душанбе қаласында болған. Назарованың айтуынша, ол бағдаршамнан өтіп бара жатқанда, ер адам қолынан ұстап алған. "Не істеп жатсың деп едім, ол мені балағаттады. Мен ашуланып, оны видеоға түсіріп тұрып, жаман сөздерді айттым. Қалалық ішкі істер басқармасы менің сөздерімді балағаттау деп маған айыппұл салды", - дейді ол.

Блогер қыздың сөзінше, өзін ішкі істер басқармасына шақырған кезде, айыппұл туралы сөз болмаған. Ал оған тиіскен ер адам бес тәулікке қамауға алынған.

Манижа Назарова ішкі істер министрлігінің Душанбе қалалық басқармасын сотқа берем дейді. Оның сөзінше, милиция қызметкерлері өзін суретке түсіріп, ешжерге жарияламаймыз деген. Алайда, ол сурет ІІМ-нің ресми сайтында айыппұл туралы ақпаратқа шығарылған.

"Бір айдан соң тұрмысқа шығуды жоспарлап отырмын. Болашақ күйеуімнің отбасы ол суретті көріпті. Адамдар милиция сайтындағы суретті көрген кезде, бірден қылмыскер деп ойлайды емес пе? Енді біздің үйлену тойымыз болмай қалуы мүмкін", – деді ол.

Манижа Назарова Душанбедегі сұлулық салондарының бірінде істейді. Инстаграмда оның 48 мыңнан астам жазылушысы бар.

XS
SM
MD
LG