Ссылки доступа

Шымкентте тергеу кезінде көз жұмған жігіттің өліміне күдікті ретінде бірнеше полицей ұсталды


11 желтоқсанға қараған түні Шымкент қалалық полиция департаментінде тергеу кезінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевтың қазасына байланысты күдікті ретінде үш полицей ұсталды.

Бұл туралы марқұмның әкесі Ерқара Жұмабаевтың адвокаты Талғат Есімов хабарлады. Қалалық полиция департаменті ақпаратты кейінірек растады, бірақ санын нақтыламады. Істі прокуратура мен өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр.

Қылмыстық істің барысына тікелей араласатын адвокат Есімовтің сөзінше, үш күдіктінің үстінен "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір оларды қамауға алу процесі жүріп жатыр.

- Әзірге үш адам [ұсталды]. Іске қатысты басқа адамдар әлі анықталып жатыр, - дейді адвокат.

Бұған дейін Телеграмдағы Kozachkov offside арнасы ұсталған үш адамның аты-жөнін де жариялаған. 11 желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында адвокат телеграм-арнадағы ақпаратты растады. "Ұсталғандар" криминалды полиция басқармасында істейді. Жергілікті ақпарат құралдарындағы мәліметтер олардың Шымкент полициясында істегенін растайды.

Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов 11 желтоқсан түсте таратқан мәлімдемесінде полиция қызметкерлерінің Жұмабаевқа күш қолданғанын растады. Оның айтуынша, полицияның лауазымды тұлғалары үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ санын нақтыламады.

"Полицияның лауазымды тұлғаларына қылмыстық істер қозғалды, объективтілік мақсатта оларды арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Осы факті бойынша жүргізілген қызметтік тергеу нәтижесінде ұстауға қатысқан қызметкерлер және олардың іс-әрекеттеріне бақылауды қамтамасыз етпеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды (кей мәліметке қарағанда, алты полицей қызметінен босатылған – ред.). Сонымен қатар, олардың қылмыстық істі тергеу шеңберіндегі іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады" делінген полиция бастығының мәлімдемесінде.

8 желтоқсанда Шымкент қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізіліп, жұмбақ жағдайда қайтыс болған Нұрболат Жұмабаев 11 желтоқсанда туған жері Қостанай қаласында жерленді. Марқұмның туыстары оны "полиция ұрып өлтірді" деп есептейді. Бұған дейін полиция "азамат жауап алу барысында өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келгенше есінен танып, қайтыс болды" деген. Полиция бастығы Ералы Жұмаханбетов журналистерге "прокуратура мен өзіндік қауіпсіздік қызметі дене жарақатын бәрін қарап шыққан. Алғашқы кезде көрініп тұрған жарақат жоқ деп айтты" деген еді. Ал марқұмның денесін көрген туыстары денесінің қанталап кеткенін айтқан.

Жұмабаевты полиция серігі Сергей Петровпен бірге департамент ғимаратына қаладағы ұрланған бірнеше көлікке қатысы бар күдікті ретінде жеткізген. Петров бұған дейін ақпарат құралдарына Жұмабаев пен өзін полицейлердің ұрып-соққанын айтқан.

Жұмабаевтың туыстарының Азаттыққа жіберген медициналық сараптама қорытындысында марқұмның қайтыс болуына үш жайт - "шок", "ұйқы безіне қан кету" және "ішінен алған жарақат" әсер етуі мүмкін деп көрсетілген.

XS
SM
MD
LG