Ссылки доступа

Азаматтық белсенділер: Билік Хорогтағы оқиғалар жөнінде біржақты мәлімет таратып жатыр


Хорогтағы наразылық митингісі, 25 қараша, 2021 жыл
Хорогтағы наразылық митингісі, 25 қараша, 2021 жыл

Тәжікстанның бас прокуратурасының тергеушілерімен бірге Хорог оқиғаларын зерттеп жатқан Таулы-Бадахшан автоном облысындағы азаматтық белсенділер билік мемлекеттік БАҚ арқылы біржақты мәлімет таратып жатыр деп мәлімдеді.

Олардың сөзінше, билік тергеу тобына кірген алты белсендіден мәліметтерді ашық жарияламау туралы қолхат алып, бірақ өздері мемлекеттік телеарналар арқылы біржақты мәлімет таратып жатыр.

Таулы-Бадахшан автоном облысындағы азаматтық қоғам өкілі Худжамри Пирмамадовтың айтуынша, жергілікті шенеуніктер мектеп, аурухана сияқты бюджеттік мекемелерді аралап, қызметкерлерді жергілікті телеарналарға Хорог оқиғалары жайында айыптаған пікірлер айтуға мәжбүрлеп жатқанын білдірді.

"15-ке таяу азаматтық белсенді келіп, жергілікті билік оларға "телеканалға сұқбат бересіңдер не жұмыстан кетесіңдер" деген талап қойғанын айтты. Шенеуніктер осындай жолмен тергеуді әділ жүргізуге кедергі келтіріп жатыр", - деді Пирмамадов.

9 желтоқсан күні облыстық "Бадахшан" телеканалы арнайы бағдарлама әзірлеп, онда сөйлеген азаматтар Хорогтағы наразылық акциясына қатысушылардың зорлық-зомбылық жасады деп айыптаған.

Хорог қаласында халықтың наразылық акциясы 25 қарашада түстен кейін басталған. Оған тәжік құқық қорғау органдарының арнайы операция кезінде 29 жастағы Гулбиддин Зиёбековтің қаза тапқаны себеп болған.

28 қарашада төрт күнге созылған наразылық акциясы тоқтап, халық тараған. Билік пен халық арасындағы келісімге сәйкес, оқиға тәуелсіз түрде әділетті тергелуі тиіс болған.

XS
SM
MD
LG