Ссылки доступа

Польшаның 100-ден астам қаласында халық БАҚ еркіндігін талап етіп, акцияға шықты


Поляки на протестных акциях (Варшава, архив 2021 года)
Поляки на протестных акциях (Варшава, архив 2021 года)

Жексенбі, 19 желтоқсанда Польшаның 100-ден астам қаласында осы елдегі белгілі оппозициялық TVN телеарнасын қорғауға арналған акция өтті. Варшавада наразылық білдіргендер кешке қарай Президент сарайына барып, баспасөз еркіндігіне тиіспеуді талап етті.

Акцияға қатысушылар арасында Польшаның ірі оппозициялық партиясы - "Азаматтық платформа" төрағасы, бұрынғы премьер-министр Дональд Туск пен "Азаматтық платформа" атынан президент сайлауына түскен Малгожата Кидава-Блоньская, өзге де танымал саясаткерлер, журналистер мен белсенділер қатысты.

Варшава мен тағы да бірнеше қаладағы акцияларды Демократияны қорғау комитеті ұйымдастырды. Белсенділер биліктің қазіргі әрекеті сөз еркіндігіне берілген 1989 жылдан бергі ең ауыр соққы болды деп мәлімдеді.

Олар үндеуінде "Билік партиясы мен қолбалалары тәуелсіз БАҚ-тарды жапқысы келеді, өйткені шындықтан қорқады. Владимир Путин биліккке келгенде де осылай болған. Билікті сынаған НТВ телеарнасын 2001 жылы мемлекеттік "Газпром" концерні сатып алған. Ресей, Венгрия жолымен жүрмейміз. Біз тәуелсіз БАҚ-тарға экономикалық еркіндік талап етеміз" деп жазған.

Варшавадағы шеруде алғашқылардың бірі болып сөйлеген TVN телеарнасының бағдарлама директоры Эдвард Мищак "Мұнда жұмыс орнымды қорғау үшін емес, үйде отырғанда пультпен қай арнаны қосуды өзіме қалдыруды талап етіп келіп тұрмын. Бізге нені көру, нені көрмеуді ешкім нұсқап айтпасын" деді.

Жиналғандар алдына Польшаның танымал Gazeta Wyborcza басылымы бас редакторының орынбасары Ярослав Курский де сөйледі. "Кейінгі президент сайлауы бүкіл БАҚ бірін-бірі қолдауға тиістігін көрсетті. Ынтымақтаспай еркіндік жоқ. Ынтымақ болса еркін боламыз, еркін болсақ біз жеңеміз" деді ол.

2015 жылдан бастап Польша баспасөз еркіндігі жөнінен әлемде 18-орыннан 62-орынға түсіп, рейтингте Нигерия, Армения, Чилиден кейін орналасқан.

XS
SM
MD
LG