Ссылки доступа

Бұхарада ЮНЕСКО қорғауындағы тарихи медресе жеке компанияға берілді


"Гавкушон" медресесі
"Гавкушон" медресесі

Бұхаралық белсенділер ЮНЕСКО қорғауындағы "Гавкушон" медресесінің жеке компанияға берілгеніне алаңдаушылық білдіріп, ол жерге мейманхана ашуға болмайтынын, тарихи ғимаратқа зиян келуі мүмкін екенін айтады.

Бұхара қаласындағы тарихи орталықтың ең ірі архитектуралық кешені "Гавкушон" медресесі XVI ғасырда Шейбанилер династиясындағы Абдулла хан II-нің басқаруы кезінде салынған. Бұл тарихи ғимарат 1997 жылы ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.

Соңғы 50 жылдан бері медреседе бұқаралық "Кандакор" мыс шеберлерінің орталығы орналасып келген. Онда істеген ұсталап қала билігі ғимаратты жеке компанияға заңсыз берді деп есептейді.

"Бұл жерде біздің цех және қол өнершілерді тегін оқыту орталығы орналасқан. Бізге үнемі шетелдік туристер келіп тұрады. Әкімшілік бізге ескертпестен ғимаратты "Асилбек нури" деген жеке компанияға берді. Былайша айтқанда сатып жіберді. Бұл компания ол жерге мейманхана ашуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл жерде дуалдарды тесіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге болмайды. Себебі, ғимарат ЮНЕСКО-ның қорғауында. Біз оны 50 жыл бойы сақтап келдік. Енді қазір 20-дан астам ұста көшеде қалды", - деді Рахматилло Кулиев атты ұста.

Өзбекстанның Туризм және спорт министрлігі "Гавкушон" медресесі "Асилбек нури" деген компанияға жалға берілгенін растады. Мекеме өкілі ғимаратқа қайта жөндеу жұмысы жүргізілгенін, алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтты.

"Гавкушон" медресесі толық біздің қорғауымызда. Бұл ғимаратқа зиян келеді деп алаңдауға еш негіз жоқ. Ол жерде мейманхана болмайды. Бірақ "Кандакор" кәсіпорны медресенің 82 шаршы метрін иеленіп келеді. Бұдан бөлек олар ол жерге шәйхана ашып алған", - деді министрлік өкілі.

Рахматилло Кулиев медреседе шәйхана барын растап, бірақ ол шетелдік туристер үшін ашылғанын айтты.

Құжатқа сәйкес, 2019 жылы сәуірде Бұхара қаласы әкімдігі "Гавкушон" медресесінің 529,36 шаршы метрін "Асилбек нури" компаниясына бес жылға жалға берген.

Бірақ қала билігі бұқаралық белсенділердің наразылығынан кейін, медресеге мейманхана ашу жоспарынан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG