Ссылки доступа

Қырғызстанның арнайы қызметі экс-депутат Бақтыбек Калмаматовты қамауға алды


Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Жогорку Кеңештің экс-депутаты Бақтыбек Калмаматовты өшпенділікті тұтатты деген күдікпен қамауға алғанын мәлімдеді.

Арнайы қызмет таратқан мәліметке қарағанда, ол әлеуметтік желілерде аймақаралық өшпенділікті тұтатуға себепші болған. Қазір тергеу ісі жүріп жатқаны, оның уақытша қамауға алынғаны хабарланды.

Осының алдында Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты Бақтыбек Калмаматов әуежайдан Сауд Арабияға екі аптаға кіші қажылыққа ұшпақ болған жерінен өзін ұстап әкеткенін мәлімдеген. Ол мұны видео үндеу арқылы таратқан.

Осыдан кейін оның адвокаты Айым Камчыбекова арнайы қызмет оның төлқұжаты жалған болуы мүмкін деп күдіктеніп жатыр деген.

Билікті ашық сынаушы Бақтыбек Калмаматов 28 қарашада өткен парламент сайлауы кезінде "Азаттық" партиясы атынан сайлауға түскен. Бірақ бұл партия 5 пайыздық межені еңсере алмай, Жогорку Кеңешке өте алмады.

XS
SM
MD
LG