Ссылки доступа

Қырғыздың Кара-Кече көмір кенінде оқ атылғаны туралы мәлімет тарады


Қырғызстандағы Кара-Кече көмір кенінде жанармай таситын жүргізушілер мен "Альфа" арнайы жасағы жанжалдасып қалды.

Әлеуметтік желілерде жанжал барысында түсірілген видео тарады. Ондай айтылған мәліметтерге қарағанда, жүргізушілердің бірнешеуі жараланған.

"Қырғыз көмір" мемлекеттік кәсіпорыны Азаттық радиосының қырғыз қызметіне кенде жанжал болғанын растады, бірақ оның себептері мен жараланғандар туралы мәлімет бермеді. Мекеменің баспасөз хатшысы Жийде Зоотбекованың айтуынша, өндірістегі жағдай реттелген, кенде жұмыс жүріп жатыр.

"Кезек күтіп тұрған уақытта жүргізушілер мен "Альфа" арнайы жасағының сарбаздары арасында түсінбеушілік болған, бірақ жанжал реттелді, қазір жұмыс өз тәртібімен жүріп жатыр", - дейді мекеменің баспасөз хатшысы.

Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті мен жергілікті милициядан осы оқиғаға қатысты әзірге мәлімет алу мүмкін болмады.

Кара-Кече көмір кеніндегі жұмыс 20 желтоқсанда қайта жалғасқан. "Қырғыз көмірдің" хабарлауынша, 15 желтоқсаннан бастап мұнда тазалық жұмыстары жүргізілген.

Қырғызстанда күн суытқалы бері көмір нарығы тыныш емес. Ұлттық статистика комитетінің хабарлауынша, көмір биыл шамамен 20 пайызға қымбаттаған.

Қараша айында көмір кенін "Альфаның" 12 сарбазы күзететіні мәлім болды.

XS
SM
MD
LG