Ссылки доступа

Путинмен кездесуде Назарбаев Батыстың Ресеймен "текетіресі" туралы айтты


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесу кезінде Мәскеу "қиын жағдайды" бастан кешіп жатқанын, "Ұжымдасқан Батыстың Ресеймен текетіресіп" отырғанын айтты.

Кремль сайты Назарбаевтың Путинге қарата айтқан "Сіз үшін думаға сайлау жылы болды. Оның үстіне мына ауыр жағдайлар қат-қабат келді: ұжымдасқан Батыс Ресеймен текетіресіп отыр. Қазір сізге қандай ауыр салмақ түсіп тұрғанын сеземін" деген цитатасын келтірді.

Назарбаевтың ресми сайтындағы Қазақстан экс-президентінің Путинмен кездесуі туралы ақпаратта "текетірес" туралы ештеңе айтылмаған. elbasy.kz онлайн-ресурсында Назарбаев пен Путин "аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты" деп қана жазылған.

Қазақстанның территориясы, елдегі орыс тілінің ахуалы туралы Ресей саясаткерлері мен ресми тұлғалары биыл біраз өткір мәлімдеме жасағанына қарамастан, Назарбаев екі ел арасында "үлгі боларлық" қарым-қатынас орнады деді. СССР тарағанда Ресей үлкен жерінен айырылды, ол жер "квазимемлекеттік құрылымдардың" қолында қалды, бұл – Ресейдің "сыйы" болатын деген мәлімдемелер жасаған Путин Назарбаевтың екі ел қарым-қатынасы туралы сөзіне "дәл солай" деп баға берді.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдері басшыларының бейресми саммиті өтіп жатқан Санкт-Петербург қаласына Назарбаев Путиннің шақыруымен барған. Хабарларға қарағанда, экс-президент Еуразия экономикалық одағының органы – Еуразия жоғары экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы ретінде шақырылған.

Ресей 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін аннексиялап, Донбастағы қарулы қақтығысқа араласқалы бері Мәскеудің Батыспен арасы нашарлаған. Украинаның шығысындағы сепаратистік соғыс кесірінен 13 мыңдай адам қаза болды. Ресми Нұр-Сұлтан Қырымды Ресейдің бір бөлігі деп мойындаған жоқ. Қазақстан Украинамен дипломатиялық, экономикалық және мәдени байланысты сақтап, Ресейдің ең жақын әріптесі болып отыр.

Соңғы апталарда Батыс басылымдары, Еуроодақ пен АҚШ-тың ресми өкілдері Ресей Украина шекарасына әскерін шоғырландырып жатыр дегенді жиі айта бастады. Батыс елдері Ресей Киевке күш қолдана ма деп қауіптеніп, Мәскеуге ескерту жасап отыр.

Қырымды аннексиялап, Донбастағы ұрысқа араласқаны үшін Батыс елдері Мәскеуге бірнеше қайтара санкция салған. Бұған қоса Батыс химиялық қару қолданғаны (Ресей арнайы қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипальды және оппозиционер Алексей Навальныйды улағаны), адам құқықтарын бұзғаны және АҚШ-тағы сайлауға араласқаны үшін де түрлі санкциялар салған.

XS
SM
MD
LG