Ссылки доступа

17 жастағы өзбекстандық жылдам шахматтан әлем чемпионы атанды


Өзбекстандық Нодирбек Абдусатторов Варшавада жылдам шахматтан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Бұл туралы Өзбекстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

17 жастағы өзбек шахматшысы Нодирбек Абдусатторов әлем чемпионы Магнус Карлсенмен, әлем чемпионы атағына таласқан Ян Непомнящиймен, басқа да танымал гроссмейстерлермен ойнады.

Шешуші тай-брейкте жас шахматшы ресейлік Ян Непомнящийден 1,5:0,5 есебімен басым түсті.

Бұның алдында ол әлем чемпионы атағын бірнеше жылдан бері ешкімге бермей келе жатқан норвег Магнус Карлсенді жеңген еді.

17 жастағы қазақстандық Бибісара Асаубаева жылдам шахматтан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадовтың хабарлауынша, мемлекет басшысы Шавкат Мирзияев жылдам шахматтан әлем чемпионатында Нодирбектің ойынын онлайн тамашалаған. Президент бұл уақытта Санкт-Петербургтегі саммиттен Ташкентке ұшақпен қайтып келе жатқан.

"Мемлекет басшысы жылдам шахматтан жаңа әрі жас әлем чемпионын жеңісімен құттықтап, оның ата-анасы мен бапкерлеріне алғыс айтты", - деді президенттің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.

Жылдам шахматтан әлем чемпионаты Польша астанасында өтті. Сәрсенбі күні Варшавада блицтен әлем чемпионаты басталады. Әлем біріншіліктері биыл Нұр-Сұлтан қаласында өтуі тиіс болған, бірақ Халықаралық шахмат федерациясы жарыстарды Польша астанасына ауыстырды.

XS
SM
MD
LG