Ссылки доступа

Тілеухан мен журналист арасындағы "жанжал": Полиция арызды тіркеп, сот сараптамасын тағайындады (видео)


29 желтоқсанда депутат өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған Бекболат Тілеуханның мәжілістен кетуінің соңы "жанжалға" ұласты. Шенеунік пен журналист арасындағы "текетірестен" кейін парламентке полиция шақыртылған. Бұл жөнінде Baigenews.kz сайты жазды.

Экс-депутат Бекболат Тілеуханның үстінен полицияға арыз түсірген журналист Айнұр Коскина сәрсенбі күні түстен кейін полиция бөлімшесіне кетіп бара жатқанын хабарлады.

- Қазір сот медициналық сараптамасын жасату үшін кетіп барамын. Сәлден соң хабарласамын, - деді ол телефон арқылы Азаттық тілшісіне.

Ол сәл ертерек Baigenews.kz сайтына экс-депутаттың өзіне қол көтергенін, соның салдарынан маңдайы сәл ауырып қалғанын, моноподы екіге бөлініп қалғанын айтқан.

Полициядан шыққаннан кейін журналист Айнұр Коскина Азаттыққа "журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру" бабы бойынша арыз түсіргенін айтты. "Бізде журналистер осындай кедергілерге жиі тап болады, бірақ бұл бап қолданылған емес" деді ол.

Ал Бекболат Тілеуханның телефоны сөндірулі тұр. Көмекшілерінен әзірге жауап алу мүмкін болмады.

Экс-депутат пен журналист арасындағы жағдай туралы видео әлеуметтік желіде жарияланды. Онда бір топ журналистің дәлізде Бекболат Тілеуханнан сұхбат алып жатқаны көрінеді. Журналистер одан мәжілістегі 15 жылдық жұмысының қорытындысы, алдағы жоспары мен саяси көзқарасы туралы сұраған. Журналист Айнұр Коскина шенеуніктен оның мәжілісте отырғандағы саяси көзқарасының өзгеру ықтималдығы мен оның көп әйел алуға көзқарасы жөнінде сұрайды. Бекболат Тілеухан өзінің көп әйелі барын жасырмайтынын айтады.

Кейін лифтіге бет алған бұрынғы депутаттың соңынан сауалдарын қойып үлгермеген журналистер ілеседі. Айнұр Коскина да Қазақстан заңнамасында көп әйел алу қарастырылмағанын айтқан. Видео соңында оған ашуланған депутаттың "Менің әйелімде не ақың бар?" деп айқайлағаны, Коскинаның "сіз неге мені итересіз" деген дауысы естіледі.

Полиция департаменті журналистен арыз түскенін растады. Бірақ қандай да бір баппен іс қозғалатыны-қозғалмайтыны жөнінде білмейтінін жеткізді.

"Аталған арыз Есіл аудандық полиция басқармасында тіркелді, сот медициналық сараптамасы тағайындалды. Тексеру жүргізіліп жатыр" делінген полиция хабарламасында.

Бүгін, 29 желтоқсанда мәжіліс Бекболат Тілеуханның депутаттық өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан. Орталық сайлау комиссиясының айтуынша, депутаттың өзі кету туралы өтініш берген. Оның өтінішін депутаттардың барлығы бір ауыздан қолдады.

XS
SM
MD
LG