Ссылки доступа

Өзбекстанда Мирзияевті қошеметпен күтіп алған тұрғындар Жаңа жылда айлықсыз қалды


Шавкат Мирзияев Uzbekistan GTL зауытының ашылуы кезінде.
Шавкат Мирзияев Uzbekistan GTL зауытының ашылуы кезінде.

Өзбекстанның Қашқадария облысындағы бюджеттік мекеме қызметкерлері желтоқсан айында еңбекақысыз қалғанын айтып наразылық білдірді.

Олардың сөзінше, тұрғындардың дені жаңажылдық дастархан дайындау үшін қарызға ақша алуға мәжбүр болған.

– Чиракчин ауданындағы мұғалімдерге айлық берілмеді. Азық-түлікті қарызға алдық. Мектеп басшылығы президент келгенде шығынның көп болғанын айтып, айлық Жаңа жылдан кейін беріледі деген, - дейді аймақтағы мұғалімдердің бірі.

Nasafnews.uz басылымы Telegram-каналында облыс тұрғындарының арасында сауалнама жүргізіп, нәтижесінде 415 адамның 95% желтоқсанның айлығын ала алмағанын айтқан.

Қашқадария облысының қаржы басқармасы бұл мәселені шетке қақты.

– Барлық мекемелер қызметкерлеріне айлықтың бір бөлігін төледі. Қалғаны 1-2 күнде түседі,- деді ол.

Бірақ аталған мекеменің дереккөзі облыс бюджетінде ақша жоқ екенін жеткізді.

– Жақында президент облыстағы Uzbekistan GT зауытының ашылуына келіп-кетті. Оған бір ай бойы дайындалды. Алдын президент сайлауында да үлкен шығын болды. Одан кейін аймаққа 44 елдің елшілері келді. Көптеген кездесулер өтті. Көп шығын болды. Сол себептен бюджеттік мекеме қызметкерлері айлық ала алмай отыр", - деді дереккөз.

25 желтоқсанда ел президенті Шавкат Мирзияев Қашқадария облысы Гузар ауданына барып, құрылысы 4 миллиард доллар болған Uzbekistan GTL атты синтетикалық сұйық отын өндіру зауытының ашылуына қатысқан.

Ресми мәлімет бойынша, зауыт жылына 3,6 млрд текше метр газ өндіреді. Бұл Өзбекстан халқының бір жыл ішіндегі сұранысының үштен бірін өтейді деген сөз.

XS
SM
MD
LG