Ссылки доступа

Оралдағы жүргізушілер газ бағасын төмендетуді талап етті


4 қаңтарға қараған түні Орал қаласында80-ге жуық тұрғын әкімдік алдындағы орталық алаңға жиналды. Автокөлік жүргізушілер сұйытылған газ бағасын 50 теңгеге дейін (0,11 доллар) түсіруді талап етті.

Түн жарымында Абай атындағы алаңға жүргізушілер жинала бастады. Түнгі сағат бірге жақын алаңда бірнеше ондаған адам тұрды. Олардың айтуынша, алаңда баратын жолдарды жапқан полиция қызметкерлері көпшілікті мұнда жібермеген.

"Біз газ бағасын 50 теңгеге түсіруді талап етеміз", — деді алаңдағылар.

Бұған қоса, олар Жаңаөзен қаласы тұрғындарын қолдайтынын айтты. Жаңаөзендіктер де газ бағасын 50 теңгеге түсіруді талап етіп тұр. Оралдықтар азық-түлік, тауар және коммуналдық қызмет ақысын да түсіру керек деп есептейді.

Жиналғандармен кездесуге Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Миржанов келді. Бірақ алаңдағы топ қала әкімі Абат Шыныбековпен кездестіруді талап етті. Ал ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Кушеков акцияны "заңсыз" деп атап, тұрғындардан алаңнан тарауын сұрады.

Одан соң бұл топқа облыстың полиция департаменті басшысының орынбасары Жанболат Жаншин келді. Ол да жүргізушілерге митинг өткізуге арыз беруін сұрады. Бірақ акцияға қатысушылардың бірі митинг өткізуге билік бірнеше мәрте рұқсат бермегенін айтты.

Жанболат Жаншин БАҚ өкілдерімен сөйлесуден бас тартты.

Мыңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы жүздеген тұрғын 2 қаңтарда жаңа жылда бірден қымбаттаған газ бағасын түсіруді талап етіп, алаңға жиналды. Аймақтағы басқа да қалалардың тұрғындары жаңаөзендіктерді қолдап отыр.

Үкіметтегі шенеуніктер 120 теңгеге қымбаттаған сұйытылған газ бағасын 85–90 теңгеге түсіруге уәде берген, бірақ митингіге жиналғандар газ бағасын екі есе түсіру керек деп тұр.

XS
SM
MD
LG