Жаңа жылдан бастап Душанбе-Худжанд-Чанак ақылы тас жолының тарифі қымбаттаған. Мұны жолды қадағалайтын IRS компаниясы девальвация есебінен деп түсіндірген. Қазір Душанбеден Чанакқа бару үшін жеңіл көлік иелері 7,88 доллар, жүк көлік жүргізушілері 61,4 доллар шамасында төлейді.
Бірақ екі ортада қатынайтын жүргізушілер жол қардан дұрыс тазаланбағанын айтып шағымданады. Давлатбой Махмудов есімді жүргізуші Пенджикенттен шыққан кезде, жолды қардан өзіміз аршып алуға тура келді дейді.
Енді бір жүргізушілер Душанбе-Чанак жолында жолақысын екі рет төлеуге тура келді дейді.
"Мен бір сағат бұрын 29 сомони төледім. Бірақ жол жабық болған соң кері қайтуыма тура келді. Қайта оралған кезде, тағы төледім", - дейді жүргізуші.
3 қаңтарда қалың қар жауып, Душанбе-Чанак тас жолы жабылып қалған. Жол бойында 25 көлік қалып қойған. Олардың 20-сы жеңіл, қалғаны жүк көлігі.
Innovative Road Solutions компаниясы 2009 жылы офшорлы аймақ Британияның Вирджин аралдарында тіркелген. Дереккөз бойынша, бұл компанияның тәжік президентінің отбасына қатысы бары айтылады.
Қалың жауған қар Тәжікстанның бірқатар таулы аймақтарының жолын да басып қалған.