Ссылки доступа

Тоқаев Маңғыстау мен Алматыда төтенше жағдай жариялады


Қазақстанда билікке ел наразылығы күшейген тұста Ақорда 19 қаңтарға дейін Маңғыстау облысы, Жаңаөзен және Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады.

Елде билікке қарсы наразылық күшейген кезде, 4 қаңтар күні түнде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында және Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады, бұл туралы жарлық шығарардың алдында Тоқаев видеомәлімдеме жасап, "билік құламайды" деп мәлімдеді.

"Азаматтық және әскери мақсаттағы, қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл - өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды. Бірақ бізге өзара сенім және өзара диалог керек" деп мәлімдеді Тоқаев.

Қазақстан президенті жастарға "жарқын болашақтарыңызға балта шаппаңыздар, жақындарыңыздың жағдайын ойлаңыздар" деп ескертті және 5 қаңтарда мәселелер бойынша арнайы жиналыс өтетін, басқа да әлеуметтік мәселелер осы жиында талқыланатынын жеткізді.

Бұған қоса Тоқаев жұртты "деструктивті топтарға ермеуге" шақырды. Бірақ нақты қандай топтар екенін ашып айтпады.

Тоқаевтың жарлығына сай, Алматы, Маңғыстау облысы мен Жаңаөзендегі төтенше жағдай 5 қаңтар түнгі 01:30-дан бастап 19 қаңтар 00:00-ге дейін жалғасады.

"Президент телевизия арқылы жасаған үндеуінде айтқандай, іштен және сырттан болған сан түрлі ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдайды деп үміттенеді" деді Ақорда.

2 қаңтарда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында тұрғындар газдың 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына қарсы шыққан. Наразылықты Қазақстанның өзге өңірлері қолдады. Содан бері Қазақстан қалаларында билікке қарсы бейбіт наразылық жалғасып жатыр.

4 қаңтарда билік құрған арнайы комиссия Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болатынын мәлімдеген. Бірақ наразылар тарқамай тұр. Олар елді қымбатшылық қысып тұрғанын айтып, биліктің отставкасын талап етеді. Бейбіт митинг кезінде "шал, кет" деген ұран да айтылды.

XS
SM
MD
LG