Ссылки доступа

"Талибан" Тәжікстан мен Өзбекстаннан 40 тікұшақты қайтаруды талап етті  


Ауғанстанның ақпарат құралдары тәліптердің ресми өкілдері Тәжікстан мен Өзбекстан билігімен 40 тікұшақты қайтару жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр деп хабарлады. Бұл тікұшақтармен Ашраф Ғани билігі құлағаннан кейін әскерилер мен шенеуніктер Өзбекстан және Тәжікстанға қашып барған. 

Мәлім болғандай, келіссөзде Тәжікстан мен Өзбекстан тікұшақтарды Ауғанстанға қайтаруға келіспеген.

Тәліптердің қорғаныс министрлігінің өкілі Иноятулла Хорезми екі елдің үкіметіне тікұшақты қайтару жөнінде бірнеше рет өтініш жасағанын мәлімдеген.

Бірнеше күн бұрын Reuters агенттігі Тәжікстан да, Өзбекстанда да тікұшақтарды Ауғанстанға қайтаруға ниетті емес деп хабарлады.

Бұл тікұшақтардың денін Құрама Штаттар кезінде Ауғанстанның қарулы күштеріне сыйға тартқан. Қазір Тәжікстан мен "Талибанның" уақытша үкіметі арасында дипломатиялық қарым-қатынас жоқ. Ал Өзбекстан тәліптермен қарым-қатынас орнатып жатқанына қарамастан, билігін мойындаған емес.

"Талибан" қозғалысы былтыр тамыр айында Ауғанстанды басып алғаннан кейін, президент Ашраф Ғани елден қашып кеткен. Ал Тәжікстан мен Өзбекстанға қашып барған әскери ұшқыштар бірнеше айдан кейін Американың қолдауымен үшінші елге ұшып кеткен.

XS
SM
MD
LG