Ссылки доступа

Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай жарияланды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай жариялады. ТЖ режимі 5 қаңтар сағат 16.00-ден бастап, 19 қаңтар жарым түнге дейін күшінде болады. Қалада түнгі сағат 11 мен таңғы 7 аралығында коменданттық сағат енгізіледі.

Қала коменданты болып Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің төрағасы Ержан Сәденов тағайындалды.

Төтенше жағдай режимі кезінде қалада қоғамдық тәртіп күшейіп, астанаға кіріп-шығу шектеледі. Бұған қоса, митинг, шеру, қоғамдық шара өткізуге тыйым салынады.

Нұр-Сұлтан – наразылыққа байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған төртінші өңір. Бұған дейін Алматы қаласы мен облысында, Маңғыстау облысында төтенше жағдай жарияланған.

2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасына байланысты басталған наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық-дерлік өңіріне жайылған. Бастапқыда газдың бағасын арзандатуды талап еткен наразылар кейін саяси талаптар айта бастады. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен толық кетуі, "саяси тұтқындарды" босату сияқты талаптар бар.

5 қаңтарда Алматыда бірнеше мың адам Республика алаңында әкімдікті басып алып, ғимарат өртенді. Полиция наразыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ шашты. Резеңке оқ атты. Нақты қанша адамның жарақаттанғаны белгісіз.

XS
SM
MD
LG