Президент Гурбангұлы Бердымұхамедов шөл даладағы газ кратерін сөндіру туралы тапсырманы 7 қаңтарда үкімет отырысында берді.
Мемлекет басшысының пікірінше, "бұл жерде көптеген жылдардан бері өртеніп жатқан газ экология мен жергілікті халықтың денсаулығына кесір әсер етіп отыр". Сонымен бірге, әжептәуір пайда табуға болатын табиғи газ ысырап болды. Бұл туралы Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлады.
Қарақұмдағы өртті сөндіру жөніндегі тапсырма вице-премьер Шахым Әбдірахмановқа берілді. Ол мәселені шешу үшін жергілікті ғалымдарды тартады, болмаса шетелден маман шақыртады.
Дарваза қалашығындағы газ кратерін халық "Тозақ қақпасы" деп те атайды. Ол Қарақұм шөлінің қақ ортасында, Ашғабаттан 260 шақырым жерде орналасқан. Мұнда ғалымдар мен туристер жиі келеді.