Ссылки доступа

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 11 жастағы балаға оқ тиіп, қаза болғаны хабарланды


Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 11 жастағы балаға оқ тиіп, қайтыс болды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, балаға 5 қаңтарда ата-анасымен көшеде жүргенде оқ тиген.

Саин Алматыдағы аурухананың бірінде оқ тиіп жараланған 15 жастағы баланың да жатқанын хабарлады. Оның әкесіне де оқ тиіп, ауруханаға түскен.

"Әкесі мен баласы көлікпен келе жатқанда содырлар оқ атқан" деді ол.

Саинның сөзін ҚазТАГ, Интерфакс ақпарат агенттіктері таратты.

Қазақстан билігі 6 қаңтарда елдегі тәртіпсіздік кезінде ұлттық гвардия күштік құрылымдардың 18 қызметкері қаза болып, 748-і зардап шеккенін айтқан. 7 қаңтарда ІІМ 26 "қарулы адамның" көзі жойылғанын, 26 "қылмыскер" жараланғанын мәлімдеді.

Билік "қарулы адамдардың", "содырлардың", "қылмыскерлердің" кім екенін ашып айтпай отыр.

ІІМ азаматтар арасында қанша адам қайтыс болғаны жайлы басқа ақпарат бермеді. Бірақ сайттар мен басқа да дереккөздердегі ақпараттардан қаза тапқандардың саны ресми деректен көп екенін байқауға болады.

8 қаңтарда The Jerusalem Post басылымы Израиль сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап, Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде Израильдің 22 жастағы азаматы Леван Когиашвили қайтыс болғанын хабарлады.

Қазір Израиль үкіметі марқұмның мәйітін елге жеткізу жағын ұйымдастырып жатыр.

Қазақстан билігі 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

XS
SM
MD
LG