Ссылки доступа

Қаңтардағы оқиға кезінде тағы бір қырғыз азаматының қаза болғаны хабарланды


Қазақстанда қаңтардағы оқиға кезінде екі қырғыз азаматы қаза болған. Бұл жөнінде Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет мәліметіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі жазды.

Ақпаратқа қарағанда, қайтыс болған екінші адамның туыстарымен байланыс орнатылып жатыр. Арнайы қызмет өзге ақпаратты таратпады.

Осыған дейін Алматыда фитнес-тренері болып жұмыс істеген қырғыз азаматы Азиз Мусаевтың қаза болғаны хабарланған еді.

Қазақстан билігі "террористік әрекет" деп атаған қаңтардағы оқиға кезінде қанша адамның қаза болғаны белгісіз. 9 қаңтарда Телеграмдағы үкіметшіл арна 164 адамның қаза болғанын хабарлаған. Кейін денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарып, "техникалық қате" деп атады.

Бұған дейін полицияның 18 қызметкері және "қарулы топтың" 26 мүшесінің опат болғаны айтылды. Кемінде екі бала өлген.

Ресми мәлімет бойынша, ұсталғандар 8 мыңға жуықтады. Арасында қырғыз азаматтары да бар. Олардың бірі – музыкант Викрам Рузахунов. Мемлекеттік телеарналар оны "тәртіпсіздікке қатысқан" күдіктілердің бірі ретінде атаған. Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін растап, кейбірі оған "мойындау мәлімдемесін" азаптап айттырды деген. Кейінірек оның босатылғаны белгілі болды. Қазір бес қырғыз азаматы қамауда отыр.

XS
SM
MD
LG