Ссылки доступа

"Ұшақтарымызды қайтарыңдар!". Тәліптер Душанбе мен Ташкентке сес көрсетті


Ауғанстандағы ешкім мойындамаған Талибан үкіметіндегі қорғаныс министрлігінің басшылары көрше екі елге сес көрсетті. Тәліптер Өзбекстан мен Тәжікстаннан бұрынғы үкімет құлағаннан кейін Ауғанстаннан шығарылған ұшақтар мен тікұшақтарды қайтаруын талап етіп отыр.

"Талибан" қозғалысын негізін қалаған молда Омардың ұлы Мавлави Мұхаммад Якуб қазір Ауғанстан қорғаныс министрі міндетін атқарып отыр. 11 қаңтарда Кабулда ауған әскери әуе күштерінің оқу-жаттығуларына қатысқан министр Тәжікстан мен Өзбекстан "ауғандықтардың шыдамын тауысуды доғаруы керек" деп мәлімдеді.

"Біздің ұшақтар Тәжікстан немесе Өзбекстанда болса, олар бізге қайтаруы тиіс. Ұшақтарымыз шетелде қалып, оларды өзгелердің пайдалануына жол бермейміз", - деп мәлімдеді министр.

"Ұшақтар Ауғанстанға қайтарылмаса, бұның соңы жақсылыққа апармайды", - деп ескертті ол. Дегенмен министр бұның салдарына қандай болатынын түсіндіріп жатпады.

Соңғы бір аптада осымен екінші мәрте тәліптер Душанбе мен Ташкентке осындай талап қойып отыр, бірақ Тәжікстан да, Өзбекстан да Кабулдағы жаңа биліктің талаптарына ресми жауап берген жоқ.

Бұның алдында "Талибан" билігі Ашраф Ғани үкіметі құлаған соң Тәжікстан мен Өзбекстанға 40 тікұшақ барғанын мәлімдеген, алайда көрші елдер оларды Ауғанстанға қайтарғысы жоқ.

Рейтер агенттігінің мәліметінше, Тәжікстан мен Өзбекстан әскери ұшақтар мен тікұшақтарды елде қалдыруға рұқсат беруін АҚШ-тан сұраған. Агенттік дереккөзінің айтуынша, Құрама Штаттар бұл елдердің өтінішін қарастырып жатыр. Ақ үй бұл мәселеге қатысты ресми мәлімет таратқан жоқ.

XS
SM
MD
LG