Ссылки доступа

Азаматтық белсенді Әсет Әбішев полицияда өзін ұрып-соққанын айтты


Kazakhstan - Aset Abishev after the release from the colony. Almaty region, 30 July 2021
Kazakhstan - Aset Abishev after the release from the colony. Almaty region, 30 July 2021

Азаматтық белсенді Әсет Әбішев полиция бөлімшесінде соққыға жығылған. Өзінің айтуынша, 4 қаңтарда ағасының жаназасына бару үшін автобусқа мінген кезде полиция оны ұстап әкеткен.

– Мені үш күн бойы Жетісу аудандық басқармасында ұстады. Үшінші күні кішкене ұрды. Сосын 6-ысы кешке Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу изоляторына этаппен жеткізді. Төрт күн бойы сол жерде ұстады. Сол жерде ұрып-соқты, – деді Әбішев Азаттық тілшісіне.

Қазақстандағы белсенділердің қудалануы жайлы айтып жүрген Еуропада тұратын құқық қорғаушы Бота Жәрдемәлі Twitter'де соққыдан кейінгі белсендінің суретін жариялады.

Әсет Әбішевтің сөзіне қарағанда, полиция оны ұстау себебін түсіндірмеген. Қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде тергеген. Медициналық тексеруден өткен белсенді дәрігерлердің "денесі жарақаттанған, еш жері сынбаған" деген диагноз қойғанын айтты. Белсендінің пікірінше, "миы шайқалған болуы мүмкін, бірақ дәрігерлер ол туралы жазбаған".

Алматы қалалық полициясы әзірге түсініктеме бермеді.

4 қаңтарда Алматыда Жаңаөзендегі бейбіт шеруді қолдаған азаматтардың көбеюіне байланысты полиция күзеті күшейіп, белсенділердің ұсталғаны жайлы ақпараттар жиілеген болатын. Сол күні қалада жаппай ұстаулар болып, көп адамның соққыға жығылғаны хабарланды.

Белсенді Әсет Әбішев "қылмыстық ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" (нақты жағдайда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жөнінде болып отыр, оны Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) деген айыппен 2018 жылғы қараша айында төрт жылға бас бостандығынан айырған. 2021 жылы 30 шілдеде мерзімінен бұрын босап шыққан.

Қазақстандық құқық қорғаушылар белсендінің саяси себеппен қудаланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Билік елде "саяси тұтқын" барын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG