Ссылки доступа

Полиция Ақорда маңында акция өткізген және шараны түсірген белсенділерді ұстап әкетті


Kazakhstan - Askhat Akhmedyarov during the performance to support activists. Nur-Sultan, 12 Jan 2022
Kazakhstan - Askhat Akhmedyarov during the performance to support activists. Nur-Sultan, 12 Jan 2022

Ұсталған белсенділер мен журналистерді қолдап, 12 қаңтарда күндіз Ақорда маңында перформанс өткізген суретші Асхат Ахмедияровты полиция ұстап әкетті.

Шараны камераға түсірген белсенді Ақмарал Біләлованы да полиция ұстаған. Бұл жөнінде Азаттық тілшісіне белсенді Болатбек Біләлов хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, оларды Есіл аудандық полиция басқармасына әкеткен. Ұсталған азаматтардың телефоны қазір өшіп тұр.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

Ақорда маңында соңғы оқиғаларға байланысты күзет күшейгеніне қарамастан сәрсенбі күні күндіз Асхат Ахмедияров белсенділерді қолдап, акция өткізген. Шапанына "Белсенділер – экстремист емес", "Белсенділерді босатыңдар" деген жазуы бар маталарды тігіп алған белсенді Қазақстан бойынша бірнеше күннен бері ұсталып, қудаланып жатқан азаматтар мен журналистерге қолдау білдірген. Оларды босатуды талап еткен.

Журналистер белсендіден сұхбат алып тұрған кезде полиция оны ұстамаған еді. Алайда шарадан кейін суретшінің телефоны өшіп қалған болатын.

Жаңаөзеннен басталып, ізінше Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтар мен "тәртіпсіздіктерден" кейін елдің түрлі қалаларында жүздеген адам қылмыстық іске тартылып, кемінде үш мыңы әкімшілік жауапқа тартылды. Елде із-түзсіз жоғалған немесе соққыға жығылған, негізсіз ұсталды деп хабарланған белсенділер де көп. Бұған жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар да алаңдап отыр.

Ресми ақпарат бойынша, қаңтардың басындағы наразылық пен "тәртіпсіздіктерден кейін" елде он мыңға жуық адам ұсталған. Билік ұсталғандардың "адам өлтіру, тонау мен террорлық шабуылдарға қатысы бар-жоғын" тексеретінін айтқан.

XS
SM
MD
LG