Ссылки доступа

Тоқаев Алматыда қаңтар оқиғасында қайтыс болған күш қызметкерлерінің отбасымен кездесті


12 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға барып, қаза болған күш қызметкерлерінің отбасымен кездесті. 

Ресми басылымдардың мәліметіне қарағанда, мемлекет басшысы мерт болған күш қызметкерлеріне көңіл айтып, оларға көмек берілетінін жеткізген. "Балаларыңыздың отбасына көңіл бөлінеді деп уәде берем. Тұрғын үй жағдайын жасап, балаларын оқытуға көмек береміз", - деген Тоқаев.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Тоқаев бұдан бөлек Алматыда шағын штабтың отырысына қатысып, қалаға жасалған "террорлық шабуылдың" салдарының көлемін өз көзімен көріп, бағалау үшін келгенін айтқан.

Қазақстанда өткен аптада газ бағасының қымбаттауынан басталған наразылық, қан төгіспен аяқталды. Ең үлкен толқу мен шабуылдар Алматыда болды.

Елде антитеррорлық операциялар басталғаннан бері 400-ден астам сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. "Адам өлтіру, билік өкілдеріне зомбылық көрсету, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасау" фактілеріне байланысты 388 қылмыстық іс қозғалған.

Тоқаев 10 қаңтарда Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) онлайн сессиясында ондаған адамның өмірін алған қарулы шабуылды "мемлекеттік төңкеріс әрекеті" деп сипаттаған. Оған шетелдік азаматтар қатысқанын айтып, оларды "террористер" деп атады.

Қазір қанша адамның қайтыс болғаны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Билік күш қызметкерлерінің 18 өкілі қаза болғанын жариялаған. Бүлік кезінде 164 адамның қаза тапқанын айтып, кейін мұны "техникалық қате" деп түсіндірген.

Сейсенбі күні ІІМ "жаппай тәртіпсіздікке" қатысты деп он мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG