Ссылки доступа

Алматыда қоғам белсенділері қаңтардағы оқиғаға байланысты тәуелсіз комиссия құрды


Kazakhstan. Protest action in Semey. East Kazakhstan region, January 5, 2022

Алматыда қоғам белсенділері қаңтардағы оқиғаға байланысты қоғамдық комиссия құрды. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі жазды.

"2022 жылдың қаңтар оқиғасын зерттеу бойынша тәуелсіз комиссия құрдық. Комиссия құрамына журналистер, заңгерлер кірді және біздің тергеу шаралары бойынша да мамандарды шақырмақ ойымыз бар. Яғни, запастағы полиция қызметкерлері, отставкадағы судьялар – олар бізге қанды оқиға материалдарын жинақтап, талдауға көмектеседі. Екі-үш ай ішінде комиссияның алғашқы есебін жариялаймыз" деді DAT жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи.

Жиында комиссияның алғашқы міндеті қаза болғандар санын анықтау екені айтылды.

Қазір қоғамда құрбандар санына қатысты әртүрлі болжам бар. Комиссия мүшелері мейлі полицей, мейлі наразылыққа қатысушы болсын, қаза болғандардың бәрін анықтауға тырысатынын айтты. Олар құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істейтінін де айтады.

2022 жылдың қаңтар оқиғасында қанша адамның қаза болғаны жайлы ресми мәлімет айтылмады. Үкімет бұған дейін 164 адамның қаза болғанын хабарлаған, кейін ақпаратты жоққа шығарды. Құқық қорғаушылар мен белсенділердің есебінше, қазірдің өзінде кемінде ондаған адамның қаза болғаны белгілі. Елде өлгендер мен із-түзсіз жоғалғандардың мәліметін жинақтау бойынша түрлі талпыныстар жасалып жатыр.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да тізім жинақталып жатқанын хабарлаған.

Алматыда қаңтар айының басында Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Тәртіпсіздіктен қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Қазақстанның барлық аймағына жайылған наразылық пен тәртіпсіздік кезінде із-түзіз жоғалған адамдар да көп.

Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 500-ге жуық қылмыстық іс қозғалған: терроризм бабы бойынша 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалған.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG