Ссылки доступа

Тимур Құлыбаев "Атамекен" кәсіпкер палатасының төрағасы қызметінен кетті


Kazakhstan -- Timur Kulibaev, chairman of Kazenergy association, attends the annual Kazenergy conference in Astana, 04Oct2011

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті. Бұл туралы 17 қаңтарда палата сайтында ресми жарияланды.

"Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды" деп келтірген дүйсенбі, 17 қаңтар күні жарияланған баспасөз хабарламасында.

Құлыбаев – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі.

Баспасөз хабарламасында Құлыбаевтың бұл қызметтен не себепті кеткені жазылмаған.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу балалары туралы бұл өзгерістер қаңтар оқиғаларынан кейін болып жатыр. 2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған наразалық Қазақстанның өзге өңірлеріне тарап, Алматы, Тараз, Шымкент, Семей секілді қалаларда қақтығыспен аяқталды. Биліктің айтуынша, сол күндері мәйітханаларға өлген 225 адам жеткізілген, жарақат алған 67 адам жан сақтау бөлімінде жатыр.

Наразылық жиындары кезінде "Шал кет" ұраны жиі айтылды. Яғни жиналғандар Назарбаевтың биліктен түбегейлі кетуін талап етті. Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетті, бірақ Қауіпсіздік кеңесінің, билік партиясы "Нұр Отанның" төрағасы ретінде ықпалын сақтап қалды. Ел арасында билік әлі де Назарбаевтың қолында деген түсінік қалыптасты. Мұндай пікірді сарапшыларда жиі айтып жүрді.

Сонымен бірге оның туыстары да саясатқа араласуын доғаруы керек деп ұрандар айтылды.

Бұған дейін Назарбаевтың өзге тағы екі күйеу басының да қызметінен кеткені хабарланған еді. 15 қаңтарда QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен "ҚазТрансОйл" компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов қызметінен кеткен. Бұл туралы сол күні "Самұрық-Қазына" қорының баспасөз қызметі хабарлама таратқан.

55 жастағы Тимур Құлыбаевтың бұдан бөлек өзге де қызметтері бар. Ол – KAZENERGY мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының жетекшісі, ресейлік "Газпром" компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан ұлттық олимпиада комитетін, Қазақстан бокс федерациясын басқарады.

Тимур мен Динара Құлыбаевтар Қазақстанның ең бай адамдары қатарында. Forbes журналы әрқайсысының байлығын 2,9 миллиард долларға бағалаған.

2020 жылы желтоқсанда британдық Financial Times басылымы Құлыбаев Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда көрді деп жазған. Жақында Қазақстанның бас прокуратурасы бұл мақаладағы ақпаратты ресми тексеріп, Назарбаев күйеу баласының жұмысынан "заң бұзу фактісі анықталмағанын" хабарлады.

XS
SM
MD
LG