Ссылки доступа

Қазақстан Қырғызстанмен шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерінің көбісін ашты


Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметі қырғыз-қазақ шекарасынан өтудің жаңа тәртібін хабарлады.

Шекара қызметінің мәліметінше, 17 қаңтардан бастап "Ақ-Жол-автожол", "Чалдыбар-автожол", "Чон-Капка-автожол", "Кен-Булун - автожол" және "Токмок-автожол" бақылау-өткізу бекеттерінде Қырғызстан азаматтарын, шетел азаматтарын және азаматтығы жоқтарды Қырғызстанға өткізе бастады, Қазақстанға – қазақ жағы белгілеген шектеу талаптарына сай өткізіледі. Алайда, Қазақстанға өту үшін қандай талаптар қойылғаны айтылмады.

Шекара қызметінің хабарлауынша, "Ақ-Тілек-автожол" бақылау-өткізу бекетіндегі шектеу әлі алынған жоқ: Қырғызстан және шетел азаматтарын Қазақстанға кіргізбейді, Қазақстанға қазақстандықтар ғана кіреді, Қырғызстанға Қазақстандағы қырғызстандықтар мен шетел азаматтары өте алады.

"Каркыра-автожол" бекеті арқылы Қазақстанға Қырғызстандағы қазақстандықтар ғана кіреді.

Жүк көліктері "Ақ-Тілек - автожол", "Чалдыбар-автожол" және "Чон-Капка-автожол" бекеттері арқылы өтеді.

Қырғызстан шекара қызметінің мәліметінше, қырғыз-қазақ шекарасындағы жағдай бірқалыпты, адамдар мен көліктер кезегі жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан билігі көрші елдермен шекарасын жауып, азаматтарын шетелге шығаруға тыйым салды. Жекелеген күндері қырғыз-қазақ шекарасындағы жеті бекеттің екеуі ғана істеп тұрды.

XS
SM
MD
LG