Ссылки доступа

Бішкекте журналист Болот Теміров пен ақын Болот Назаров қамаудан босатылды


Болот Темиров и Болот Назаров, коллаж.
Болот Темиров и Болот Назаров, коллаж.

Журналист-зерттеуші, Temirov LIVE youTube-арнасының негісіз қалаушы Болот Теміров ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Ал оның әріптесі, ақын Болот Назаров үйқамаққа ауыстырылды.

Бішкек қаласы Свердловск аудандық сотының ғимаратынан шыққан Болот Теміров іске қатысты мәліметтерді жарияламау туралы келісімге қол қойғанын айтты. Судья милицияның оны ұстағанын заңды деп тапқан.

Temirov LIVE​ зерттеулерін жырға қосқан ақын Болот Назаров туралы журналист былай деді: "Әріптесіміздің әрқайсын қорғаймыз. Әркімнің жеке өмірі бар, бірақ оны пайдалану арқылы қудалау - жиіркенішті әрекет". Журналистің айтуынша, ақынды тергеу изоляторынан босатқан. Бұның алдында оның адвокаты Нұрбек Токтакунов ақынды 48 сағатқа қамауға алғанын хабарлаған.

23 қаңтарда кешке Болот Назаровты үйқамаққа ауыстырғаны мәлім болды.

Жексенбі күні Бішкек милициясы ғимаратының алдына бір топ адам жиналып, қамаудағы ақын мен журналисті босатуды талап етті.

22 қаңтар кешке Temirov Live каналы кеңсесіне милиция қызметкерлері мен бетперде таққан адамдар келіп, бірнеше сағат тінту жүргізген. Өзін редакциядан әкетіп бара жатқан кезде Теміров "бұлар өздері әкелген есірткіні маған жаппақшы" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, милиция редакциядағы барлық компьютерді алып кеткен.

Заңгер Нұрбек Токтакуновтың Азаттыққа хабарлауынша, милиция әлдебір әйел адамның арызы бойынша Болат Теміровтің үстінен қылмыстық кодекстің "Есірткі пайдалануға мәжбүрлеу" бабымен іс қозғаған. Журналистің өзі бұл айыпты жоққа шығарады және мұны Қамшыбек Ташиевтің туыстары жайлы жүргізген журналистік зерттеумен байланыстырады дейді заңгер.

Норвегияның Хельсинки комитеті (Norwegian Helsinki Committee – NHC) Қырғызстан билігін күш құрылымдары өкілдері журналиске есірткіні әдейі тастады деген арызды "мейлінше тезірек" зерттеуге шақырды.

XS
SM
MD
LG