Ссылки доступа

Полиция жараланғандарды ауруханадан ұстап әкету туралы видеоға түсініктеме берді


Алматы қалалық полиция департаменті қаңтар оқиғасы кезінде жараланғандарды күштік құрылымдардың ауруханадан ұстап әкеткені туралы видеоға түсініктеме берді.

Бұл жөнінде Orda.kz хабарлады. "Ондағы 16 ер адам – сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестрінде тіркелген, қылмыс құрамы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабына ("Жаппай тәртіпсіздік") келетін қылмыстық іс бойынша күдікті" деді полиция өкілдері.

Полицияның айтуынша, тергеу соты 16 күдіктіні қамауға санкция берген. Департамент жаралыларға қажетті медициналық көмек көрсетілді деп сендіруге тырысты. Ал 25 қаңтарда қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Светлана Сұлтанғазиева "пациенттердің бір бөлігі әскери госпитальға, бір бөлігі тергеу органдарына жеткізілді" деп айтқан.

24 қаңтарда Азаттық радиосы қарулы жасақтың жараланған азаматтарды күштеп әкетіп бара жатқаны көрінетін бірнеше видео жариялаған. Видео 9 қаңтар күні Алматыдағы жедел көмек көрсету ауруханасында түсірілген. Ұсталғандардың барлығы қаңтардағы дүрбелең кезінде жараланған. Видеода аяғы оралып, балдаққа сүйенген он шақты адамды жасақтың автозактарға алып бара жатқаны көрінеді. Жасақ кейбірін жартылай жалаңаш, кейбірін жалаңаяқ әкетіп барады.

Куәгердің айтуынша, арнайы жасақ оларды палаталарда ұрып-соғып, тіпті киінуге де мұрша бермеген. Ал дәрігерлер оларды ұстап әкетеді деп ойламаған, олар полицияның оқыс әрекетінен қорқып қалған. Бұған дейін ауруханадан ұстап әкетілген азаматтардың кейбірінің туыстары тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарының дәрі-дәрмек, ас-су қабылдамағанына шағымданған.

Адвокаттар мен құқық қорғаушылар да ұсталғандардың денсаулығына, ұстау жағдайы мен азаптау жайлы шағымдарға алаңдаған. Қаңтар оқиғасынан соң күдікті ретінде қамалған азаматтардың туыстары жаралы жақындарын алаңдап, оларды емге жіберу туралы бірнеше рет үндеу жасаған. Олардың арасында бүйрегінен айырылған, бірер күн бұрын жан сақтау бөлімінен шыққандар да бар. Бірақ билік "түрмеде олардың еміне жағдай бар" деуден танбай келеді.

Бас прокуратура мәліметінше, қаңтар оқиғасынан кейін 900-ге жуық адам күдікті ретінде танылып, 800-інен астамы сот санкциясымен қамалған. Елде полиция мен күштік құрылымдардың "заңсыз әрекетіне" қатысты шағымдар көбейген шақта Бас прокуратура полицияның ұстау және тергеу кезінде "заңсыз әдістерге жүгінгенін" мойындаған.

Ресми ақпарат бойынша, қазіргі кезде азаптау, ұрып-соғу мен билік өкілетін асыра пайдалану бойынша 109 шағым түскен, 11-і бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG